Әнші Жамал Омарованың 100 жылдығы атап өтілді

Саз мектебіне тартылған сый

Қаламыздағы №1 Жамал Омарова атындағы балалар саз мектебі қос бірдей мерекелі датаны атап өтті. Оның бірі саз мектебінің құрылғанына 70 жыл болса, екіншісі саз мектебіне есімі берілген қазақтың бұлбұл дауысты әншісінің бірі Жамал Омарованың 100 жылдығы.

Мерекелік концертте қаламыздағы өнер сүйер қауым мен оқушылар, қалалық білім бөлімінің бастығы ыстық лебізін білдіріп, мектеп ұжымына жеңістер тіледі. Ал кештің басты қонағы-Қазақстанның Халық әртісі Жамал Омарованың туған ұлы Едіге Абылай болды.

«Мектепке біздің анамыздың аты берілгеніне қуаныштымыз. Ол – біздің мақтанышымыз. Осыған орай анамның заттары мен ол туралы құжаттарды, суреттер мен мәліметтерде, естеліктерді жинап, мұражай ашсам»,- деген Едіге Абылай  саз мектебіне сый жасады. Анасының суреті салынған үлкен, әдемі портрет енді өнер ордасының қақ төрінде ілініп тұратын болды. 

№1 саз мектебіне Жамал Омарованың есімі 1980 жылы беріледі. Алайда бұл бақытты әнші апамыз көре алмай кетті. Бүгінде шаңырақта вокал, хор дирижерлік бағыт бойынша оқытуға басымдық берілген. Сонымен қатар ішекті, үрмелі аспаптар, қобыз, домбыра, хор, баян, аккардион сында он бір бөлім бойынша 600-ге жуық оқушыларды тәрбиелейді.

«70 жыл аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында мектеп тарихында түрлі оқиғалар да орны алды. Жоқшылпен баршылық та, қиындық пеен жеткен жетістіктер де аз болмады. Бірақ біз қиындықтың барлығын жеңіп, бүгінде мектебіміз іргетасы нық қаланған, өнерде ойып тұрып орын алатын ордаға айналып отыр»,- деді саз мектебінің директоры Темірғали Қуандықов. 

Кеш соңында саз мектебінде өнерге баулып жүрген оқушылар бар өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, мектепті қиын-қыстау кезінде басқарған, оқушыларға сабақ беріп, таланттарын ұштаған ұстаздардың өмірлері мен атқарған жұмыстары туралы суреттерден тұратын слайд-шоу ұсынылды.