ІІІ топтағы мүгедек әйел заңды жәрдемақысын ала-алмай жүр

5 баланың анасы Бибіажардың ең кенжесі енді бір жастан асты. Жұбайы болса жұмыссыз.

Мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақысын ала алмай жүр. Редакциямызға осындай шағымымен үшінші топтағы мүгедек Бибіажар Базарбаева хабарласты. Келіншектің сөзінше, оған №1 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі мүгедектік санатынан себепсіз айырып, жәрдемақыдан қаққан. Біржарым жылдан бері бұл қаржыдан айрылған көпбалалы ана қазір шықпа жаным шықпаның күйінде жүр.

Шиеттей бес баланың анасы Бибіажар Базарбаева күнделікті күйбеңге әбден үйреніп алғалы қашан?! Туғанынан аяғын сылтып басатын келіншек үшінші топтағы мүгедек. Бұл санаты үшін оған мемлекеттен 2 жылдан бері жәрдемақы беріліп келген. Не себепті екені белгісіз, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі келіншекті 1 жыл 3 айдан бері бұл көмектен қағыпты.

5 баланың анасы Бибіажардың ең кенжесі енді бір жастан асты. Жұбайы болса жұмыссыз.

Бибіажар БАЗАРБАЕВА, ІІІ топтағы мүгедек: «Негізгі себепті түсіндірген жоқ. Бала туа аласың. Демек, жұмыс істеуге қабілетің бар деді. Осынша жыл бір аяғымнан бір аяғым келте болғанда бірденінен ол өсіп кетпейді ғой. Операцияға барғанға ақша керек. Бала-шағама кім қарайды? Оның үстіне ешкім де кепілдік бере алмайды ғой бір аяғымның бір аяғыммен теңеліп кететініне. Мендегі бұл мүкіс туа біткен кемістікке жатады. Білмеймін ғой, енді не үшін төлемей жатқандарын. Екі аяғымды сантиметрлеп өлшеді да, жұмыс істеуге жарайды деді ғой, әйтеуір».

«Тыныс-тіршілік етуге денсаулығы жарамды». Келіншекті мүгедектік санатынан айырған медициналық-әлеуметтік себеп жазылған бір жапырақ қағазда жазылғаны осы. Бұл жауапты бізге ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіндегілер де нақтылады. Айтуларынша, облыс бойынша 6187 ІІІ-топтағы мүгедектің соңғы 5 айда 551-нен мүгедектік санаты осындай жағдайларға қатысты алынып тасталған. Бірақ, бұл мәселеге қатысты нақты себеп оларға да бұлыңғыр екені сөз саптаудан білінеді.

Фарида ОСПАНОВА - ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары

Фарида ОСПАНОВА, ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары: «Заң бойынша аурудың бәрі мүгедек бола алмайды. Заң бойынша бізде екі аяқтың айырмашылығы 10 сантимерге қысқа болса ол анотомиялық кемістік деп аталады. Ондай жағдайда мүгедектік санаты өмірбақиға беріледі. Бұл жерде профреабилитацияға берген шығар. Жұмысқа орналасып кетеді ма деп ойлаған шығар. Сол себептен алып тастаса керек. Қазіргі таңда бұл мәселенің бір шешімі бар. Яғни азаматшаның жағдайы нашарласа дәрігерлерге тағы барып тексерілуі тиіс. Дәрігерлер оны ауруханаға жатқызып, мүгедектік санатқа қайтадан жіберуге ақысы бар».

Дегенмен, бұл сөзге Бибіажар Базарбаеваның өз уәжі бар. «Кейінгі рентген түсірілімімде, – дейді ол, – керек десеңіз, салмақ түсе бергеннен кейін омыртқамның қисайғанын байқады дәрігерлер. Сөйтіп, қағаз жазып берді. Оны жалпы мен туралы мағлұматқа қосқан, қоспағанын мен білмеймін. Бірақ тоқтатып тастады ғой ойда, қырда…».

Көпбалалы келіншектің көңіліне қазір кенже нәрестесі ғана демеу. Шиеттей баламен оны ешкім жұмысқа алмайтынын да жақсы біледі. Аузын ашқан балапандарын аш қалдырмау үшін күнделікті нан жабады. Сөйтіп, аш қалмаудың әупірімдеп жүріп әрекетін жасайды. Ал жәрдемпұл алу үшін қайта тексерілуге тағы ақшаның керек екенін мұңая жеткізеді.

«11 мың теңге әрине соншалықты көп ақша емес. Бірақ мен үшін қазір бұл пұл ауадай қажет. Өйткені, бала-шағаны асырау да қиын деген қиын болып ғой бұл күнде. Жолдасым да жұмыстан шығып қалды. Үйде отырмыз енді, өлместің күнін кешіп…» – дейді кейіпкеріміз бізбен қоштасарда.