Оңтүстікте күн сайын 80 көлік заңсыз тасымалмен ұсталады

Сарыағаш ауданында транспорттық келеңсіздік. Қазір онда заңсыз автотұрақтардың дәурені жүріп тұр. Ешқандай құжаты мен рұқсат қағазы жоқ автобустардың қожайындары күн сайын жүздеген жолаушы тасымалдап, заңды белшеден басуда. Арнайы рейд барысында полицейлер жергілікті тұрғындардың айыппұлды төлемеу туралы наразалығына да тап болды.

Шақырылмаған қонақтар, яғни транспорттық полицейлердің көліктерді шұғыл тексеруі сарыағаштықтардың төбесінен жай түсіргендей болды. Дегенмен, заңсыз жұмыс істейтін тасымалдаушылар абдырап қалған жоқ. Дереу, кергілесуге шықты. Өйткені, автотұрақтарда заңсыз тұрған автобустары үшін жауапкершілікке тартылғысы келген жоқ.

Полицейлермен ашық қарсыласуға тәртіпбұзушылардың барлығы барған жоқ. Кейбір шектен шыққандар олармен салғыласуды жөн көрмей, көлік тұрағынан тайып тұрды. Ал базбірі тіпті көлігін тастап көзден ғайып болды. Осыдан соң, МАИ қызметкерлері автобустардың нөмірін шешуді жөн көрді.

Тәркіленген көлік нөмірлері полицейлердің қуанышын ұзаққа созбады. Сол сәтте-ақ, тәртіп сақшыларының көзінше, автокөлік нөмірлері ұрланды. Дегенмен, сұққолдылар сол жерде-ақ табылып, ұсталды.

Тәртіп сақшылары келесі көліктің нөмірін шешіп жатқанда, оны қорғау үшін кездесуге жергілікті тұрғындардың өзі шықты. Жергілікті жұрттың айбарынан именген МАИ қызметкерлері ақырында ол жерден қашып шықты.

Еркін ИСАЕВ, бас маман: «Мұндай рейд Оңтүстікте 2-рет ұйымдастырылып жатыр. Қиыны сол, тексеру жүргізілген соң 3-4 күнге дейін тәртіп орнап, тыншып қалғанымен арада бірнеше уақыт өткен соң, жағдай баяғы қалыпқа түсе кетеді. Бұл ретте жергілікті коммуналды шаруашылық қызметкерлері де шарасыз. Статистикалық мәлімет бойынша, күн сайын облыс бойынша 80 көлік заңсыз тасымалмен ұсталады екен».