Шымкентте бокстан халықаралық жарыс басталды

418
Шымкентте Марат Жақсыбаевтың жүлдесі сарапқа салынуда

Ермек Әзімхан ринг төрінде алматылық қонақпен қолғап түйістіруде. Шымкенттік боксшы үшін бұл жекпе-жек аса жауапты. Өйткені, алғашқы кездесуінде жеңіске жетсе, кейінгі кездесулер қиынға соқпайтынына жерлесіміз берік сенеді. Сол себепті де қарсыласын жұдырықтың астына алып, ұпай санын көбейтумен әлек. Нәтижесінде 3 раундта да басымдылық танытып, жерлесіміз оңтүстік астаналық қонақтан басым түсті.

Ермек Әзімхан, боксшы: «Қарсыласым оңай болған жоқ, дегенмен басымдылық танытуға тырыстым. Әр бір боксшының мақсаты деп ойлаймын жарыста жеңімпаз атану. Ал Марат аға біз үшін үлкен мақтаныш. Үлгі тұтамыз».

Кеңес одағы кезінде халықаралық аренада топ жара білген жерлесіміз Марат Жақсыбаевтың жүлдесіне арналған байрақты жарыс биыл алғаш рет Шым қалада жалауын көтеріп отыр. Турнирде ептілігін сынға салуға Қазақстаннан бөлек, Қырғыз, Өзбек, Ресей және Қытайдан да боксшылар келіпті. Барлығы 92 спортшы.

Марат Жақсыбаев, бокстан КазССР-дың жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері: «Мұндай жарыстар өте қажет. Өйткені, әр бір жекпе-жек жас боксшының шеберлігін шыңдайды. Сол себепті де жиі өткізіп тұрсақ деймін».

Қонақтар ел мақтанышының иығына шапанын жапса, Марат аға өз кезегінде кейінгі жастарға кеңесін беріп тұрады. Оның үстіне бұл жолы ринг төріне ересектер құрамасының ізбасарлары шықты. Жарыс төрт күнге жалғасып, жексенбі күні чемпиондардың есімі белгілі болады.