Шымкент футболдан Еуропа лигасының ойындарын өткізуге қауқарсыз

200
Пластикалық орындықтар істен шыққан

«Ордабасы» футбол командасы ел кубогін жеңіп, оңтүстік жұртшылығы европалық ойындарды өз алаңымызда көретін болдық деп қуанды. Алайда, футболдан 2012 жылғы маусым бастала салысымен шымкенттіктердің қуанышы су сепкендей басылды. Өйткені, облыстағы жалғыз орталық стадион УЕФА-ның талаптарына сай келмейтіні анықталды.

Европалық сапа былай тұрсын, қазақстандық ойындарды өткізу мәселесі де күмән туғызды. Биылғы маусым басталып, төртінші тур ойынын еліміздің ұлттық футбол лигасының басшысы Олжас Абраев Шым қаланың стадионында өз көзімен тамашалады. Бұл күні қатты дауыл болып, прожектордың бірі трибунаға құлап түскен. Нәтижесінде, орталық стадионның батыс жағына жанкүйерлерді отырғызуға тыйым салынды. Ал күншығыстағы трибунаға халық аз сыйады және де көзіңе күн түсіп тұрады, көлеңке тіпті жоқ. Десек те көктем бойында шымкенттіктер футбол ойынын қалдырмай, командасына қолдау көрсетуге тырысуда.

Стадионды ретке келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Ұлттық футбол лигасының арнайы хатында сегіз талап қойылған. Оның бірі  орындықтарды ауыстырып, прожекторларды ауыстыру. Ал оған стадионның қаражаты жоқ. Тіпті дыбыс шығарушы құрал сатып алуға да қалта көтермейді. Ал он жылдан бері сақалды құрылысқа айналған жөндеу жұмыстары да аяқталмай-ақ қойды. Бұл күндері стадион әкімшілігі тозығы жеткен жүзге жуық пластикалық орындықтарды ауыстырады. Ал, өзгесіне қолы тым қысқа болып отыр. Стадионның батыс бөлігінің төбесін жабу тіпті, қол жетпестей арманға айналған.

Құралбек Өкшебаев, Қажымұқан атындағы Орталық стадионның директоры: «Қолымыздан келгенше бұл талаптарға сай келуге тырысып жатырмыз. Енді прожекторды жөндеуге немесе жартылай шатыр жасауға мүмкіндігіміз жоқ. Ол үшін қосымша қаражат бөліну қажет. Бұл мәселені билік басындағылар қарастыру қажет деп ойлаймын. Ал мынау хаттағы сегіз талапқа сай келмей батыс жақтағы трибунаға халықты кіргізе алмаймыз. Әрине, түсінемін денсаулығы нашар жанкүйерлерге күннің астында футбол тамашалау аса ауыр. Алайда, біздің басқа амалымыз жоқ».

«Ордабасы» футбол командасы биылғы маусымда европалық лигада ептілігін сынға салатын болады. Қазақстан футболының тарихында алғаш рет оңтүстік өңірі осындай үлкен жетістікке қол жетікізіп отыр. Алайда, бастапқыда қуанышымыз қойнымызға сыймағанымен, футбол маусымы бастала салысымен шет елдік команданы өз алаңымызда қарсы ала алмайтынымызды еске алдық. Енді бұл европалық командамен кездесулер Алматы немесе Астана қалаларына жоспарланып отыр. Ол дегеніміз, өзге облысқа жолға шыға алатын жанкүйерлер ғана ордабасылықтарды қолдауға мүмкіндік алады. Ал Шымкенттің  бұл құрылысы, сол күйінде қала бермек. Оның үстіне тағы бір жетіден кейін жаз мезгілі келеді. Ал, стадионның күн шығыс бөлігінде күннің аптаған ыстығында футбол тамашалау қиынға соғады.