Шымкенттің орталық стадионы адам өміріне қауіпті

227
Шымкенттің орталық стадионы сын көтермейді, фото Тимур Джумабековтікі

Шымкенттің  «Қажымұқан» атындағы орталық стадионының әкімшілігі қатаң жазаға тартылады. Ұлттық футбол лигасының басшысы Олжас Абраев осылай деп мәлімдеді.

«Ордабасы» – «Қайсар» ойынын Шымкентте тамашалауға мүмкіндік алған ол матчтан кейін оңтүстіктің стадионы сын көтермейді деген шешімге келген. Сондай-ақ, клубтың баспасөз қызметінің де жұмысына Олжас Абраев риза еместігін айтады. Оның үстіне матч барысында қатты жел тұрып, жарық беруші құралдың бірі трибунаға құлап түскен. Мұндай жағдайлар адам өміріне қауіп төндіреді дейді лига басшылығы. Бүгінде  бұл істі тексеру жұмыстары жүргізілуде.

ауа-райы қолайсыз болса тілшілердің тығылар панасы жоқ

Шымкенттіктер де стадионның кемшілігін ретке келтірумен әлек. Бүгіннің өзінде істен шыққан жарық беруші аспаптар ауыстырылуда. Алдағы уақытта жаңартылатынға ұқсайды. Ал ордабасылық ойыншылар жаттығуларын орталық стадионда жалғастыруда. Төселген шөл әлі де жөнге келе қоймаған. Алайда, көктемнің бұл кезіне сай деп өзін жұбатады клубтың спорттық директоры Бағлан Ергешев.

Бағлан Ергешев, «Ордабасы» ФК спорттық директоры: «Біз кубокті жеңіп алғаннан кейін орталық стадионға да көңіл ерекше бөлініп отыр. Кемшіліктер көп. Абраев мырзамен болған жиында бұл проблемалар шешімін табады деп стадион әкімшілігі сендірді. Оны уақыт көрсетер.  Клубтың баспасөз қызметі жайында әңгіме қозағлғаны рас. Тиісті жұмыс жасалынбаған делінді. Біз арнайы баспасөз өкіліне тапсырма беріп, екі айдың ішінде бұл кемшіліктерді жою жөнінде уәде еттік».

Степан Балашов, «Наш футбол» бағдарламасының тілшісі: «Клубтың баспасөз-қызметі бар дейді, бірақ оның көмегін көрген емеспіз. Бағдарламаға футболшыдан сұхбат қажет болса, ойыншының өзімен немесе клуб басшылығымен тікелей байланысқа шығамыз. Ал матчтан кейінгі баспасөз конференциясы жөнінде айтпасақ та болады. Ұят тірлік. Шағын ғана бөлменің ішінде, түсірілім үшін ыңғайсыз, ал бапкерлердің алдында тіптен ұят».

бейне-операторлар осы шатырдың үстінен түсіреді

Оның үстіне, төртінші тур ойынынан кейін орталық стадионда тілшілер үшін тіптен жағдай жасалынбағаны белгілі болды.  Арнайы бөлменің жоқ болғанына байланысты бейне-операторлар VIP-бөлменің шатырының үстіне шығуға мәжбүр. Ал,  қатты жел тұрып, жаңбыр жауғанда тілшілердің өміріне де қауіп төнетіні белгілі болды.

Стадионның жоспары бойынша баспасөз қызметкерлеріне арналған бөлме бар болып шықты. Алайда, оның есігі жабық тұрады.