Шымкенттегі орталық стадион «УЕФА 4» стандарты бойынша жаңғыртылмақ

290

Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда күзде жөндеу жұмыстары басталады.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Орталық стадионда осы жоба бойынша қайта құрылымдау жұмыстары күзде басталады. Келесі жылы күзде аяқталады. Жоспар осындай», – делінген хабарламада.

Былтыр Шымкентте өткен «Shymkent Development-2018» халықаралық инвестициялық форумында қала әкімі «Colosseo» компаниясының президенті Ян Енча мырзамен Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 40 млн. АҚШ долларлық келісімге қол қойған болатын. Қала әкімі айтқандай алып стадионда Әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік тумақ. Жоспарда стадион аумағында мейрамхана, фитнес клуб, қолайлы автотұрақтар орын тебетін болады.

«Colosseo» компаниясының президенті Ян Енча: «Кеңес Одағы кезінде салынған, 60 жылдық тарихы бар нысан екен. Шымкенттегі стадионның жағдайын жіті зерттеп шықтық. Негізгі жоспар бойынша шатыр орнатылады, техникалық жағдайы «УЕФА 4» стандарты бойынша жаңғыртылады. «Ордабасы» командасы еуропалық футбол санатында ойнайтын болса, онда «УЕФА 4» стандартына сай келмейтін стадион болмауы керек. Бұл бүгінде Еуропа бойынша ең соңғы стандарт болып саналады. Жұмыс 2020 жылы аяқталады. Технология біздікі, ал құрылыс материалдары жергілікті отандық өнімдер қолданылатын болады» деген болатын.