Шымкенттік ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл әлем чемпионы атанды

1051

Сүйінші! Қуан қазақ! Бүгін Латын Америка аймағындағы Гватемала елінен қуанышты хабар келіп жетті. Осы елде өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақ қызы Жазира Жаппарқұл алтын жүлде еншіледі. Бұл алтынның жөні бөлек. Өйткені, қазақ қыздарының зілтемір көтеруден әлемдік сайыста иеленіп отырған тұңғыш алтыны.

Енді жарыстың нәтижесін баяндай кетейік. 69 келіде бәсеке көрігін қыздырған Оңтүстік спортшысы
жұлқа көтеруде 106, серпе көтеруде 133 келіні бағындырып, екі сайыста да үздік шықты. Сөйтіп, қоссайыс қорытындысы бойынша 239 келі ұпай жинады. Тайланд спортшысы 235 келімен екінші орынды қанағат қылса, қытайлық Венжу Тянь одан бір келі кем көтеріп, қола жүлдені мойнына ілді.

2009 жылы Сингапурдегі жасөпірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында алтынмен апталған қарындасымыз бүгін тағы бір рет, яғни 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлемде алдына жан салмай, жеңімпаз атанды. Міне, қазақтыің көк байрағын Гватемала көгінде желбіретіп, Әнұранымызды қалықтатты! Мұндай ерен жетістікке бұрын-соңды ауыратлет қазақ жастары қол жеткізбеген-ді! Сондықтан қуаныштан жүрегіміз жарылардай болып, «рахмет саған, Жазира-қарындасымыз» деп, толқып отырмыз. Мерейің әрдайым үстем болсын! Бұл – қазақтың, қазақ спортының баға жетпес жетістігі, ағайын! Жеңістеріңіз, алтын медальдарыңыз құтты болсын!,- дейді ҚР ауын атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсір.