Қысқы спорт түрлері мектебінің ұжымы маусымды қорытындылады

521
спортшылардың қатары күн сайын артып отыр

Шымкенттің жас хоккейшілері үшін биылғы маусым жемісті болмаса да, ең бастысы тәжірибе жинақтауға жақсы мүмкіндік берді. Жерлестеріміз Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлделі орындар үшін таласқа да түсіп көрді. Сондай-ақ, қыздар хоккей командасы да құрыла бастады. Әзірге жалғыз бір бойжеткен ғана бар. Бастамасы бар, соның өзі жетістік дейді мектеп басшылығы.

Намазбай Әбдіқұлов, №8 қысқы спорт түрлері мектебінің директоры: «Қыздар командасын жасақтау қиындау болып отыр. Бұл біз үшін келесі жылға жоспар. Өйткені, қыздар хоккейі әлемде жақсы дамып отыр. Шымкентте де команда болса деп армандаймыз».

Биылғы жыл шорт трэк үшін де сәтті маусым болды. Алғаш рет шымкенттіктер Қазақстан чемпионы атанды. Енді жерлестеріміз халықаралық аренада топ жарсақ деп жоспарлап отыр.

Ал мәнерлеп сырғанаудың жеткіншектері болса Дубайда өткен халықаралық жарыста жүлделі болып, оңтүстік қоржынына тағы бірнеше жүлдені салды. Ендігі мақсат алтыннан алқа тағу.

Намазбай Әбдіқұлов, №8 қысқы спорт түрлері мектебінің директоры: «Мәнерлеп сырғанаудан да үлкен жетістікке жеттік. 21 елдің спортшылары арасында топ жару оңай іс емес. Алайда біздің шәкірттеріміз топ жара білді. Өткен жылға қарағанда спортшыларджың шеберлігі де арта түскен. Әкімшіліктен келген қонақтар да оны байқап, оң бағасын беріп жатыр».

Биылғы маусым осымен аяқталды. Жоспарланған жарыстарға шығып, ептілер анықталды. Жоспар 100 пайыз болмаса да, 80 пайызға орындалды.  Енді спортшылар шілденің біріне дейін жаттығуларын жалғастырады. Содан кейін, тамыздың 20-на дейін демалысқа шығып, дайындыққа жаңа күшпен қайта кірісуге дайындалады.