Оңтүстікте екі мұғалім бірін-бірі 10 мың теңге үшін ұрып өлтірді

538

Ақша – дұшпан! Оңтүстік Қазақстан облысында екі мұғалім бірін-бірі ұрып өлтірді. Қос ұстаздың арасында туған тартыстың төркіні – теңге. 42 жастағы әйел алғашында әріптесінің мәйітін үй артындағы сарайға жасырып қойған. Бірақ, екі күннен кейін қылмысын мойындап полиция бөліміне өзі келіпті. 

42 жастағы Бақтыгүл өз бағына балта емес, балға сілтеді. Жыл басында қызметтес құрбысынан он мың теңге қарыз алған екен. Осыдан бірнеше күн бұрын әріптесі сол қарызын даулап үйіне келіпті. Бастауыш сынып оқытушысы ақшаны пайызбен қайтаруды талап еткен. 

Бақтыгүл, күдікті: «Мен одан қаңтар айында 10 мың теңге алған едім. Ол «үстіне пайыз қосып бересің», деді. 4 ай болса, 10 мың, 10 мыңнан қосып бересің, деді. Сонда есептеңіз, 5-ші ай болып жатыр. сонда 40-50 мыңдай болады. Ана 10 мыңды қосқанда».

Ауыл мектептебінің лаборанты табан астында ондай ақшаны қайдан алсын?! Оның үстіне, банктен алған несиесін уақтылы төлемегені үшін жалақы алатын карточкасы да жабылып қалған. Жан құрбы деп қарыз алғандағы жағдайын айтқанымен әріптесі түсінбепті. Ақша талап еткен апай айғайға басып, арадағы жанжал жұдырықтасуға жалғасқан.

Бақтыгүл, күдікті: «Мені ол жерге жығып тастаған соң, қарасам жерде балға жатыр екен. Шаңсорғыштың қасында. Соны алдым да оның басынан бір қойдым. Содан кейін, столдың үстінде шәй ішетін шәйнек тұрды, шынылы шәйнек. Сонымен ұра бастадым».

Бұл Бақтыгүлдің 41 жасар құрбысы үшін соңғы соққы болған. Әріптесінің мәйітін кілемге орап, үй артындағы сарайға жасырып тастаған. Бір бәленің болғанын іші сезген күйеуі Бақтыгүлді сұрақтың астына алыпты. Бар жәйтті естіген соң бұрынғы полиция қызметкері әйеліне өз еркімен полицияға баруға кеңес берген.

Нұрбек Сүйеубеков, Қазығұрт АІІБ аға тергеушісі: «20-шы маусым күні қылмысын өз еркімен мойындау мақсатында келіп, өзінің 2012 жылдың маусым айның 18-і күні өзімен бірге істейтін әріптесін өз үйінде ұрып-соғып өлтіргенін мәлімдеді».

Сот 42 жастағы әйелдің қылмысын өз еркімен мойындағанын ескере ме жоқ па, ол жағы уақыттың еншісінде. Қайткенде де, қызметтесінің өмірін қиған мұғалім енді өзінің қос ұлын жақын арада көрмейтіні хақ. Ал, Бақтыгүлдің өзі жасаған қылмысына қатты өкініп отыр. Басқа салғанды мойын көтереді.