Балауса қыздың биігі

Жуырда Халықаралық шахмат қауымдастығы (ФИДЕ) жалпақ әлемге жағымды хабар таратты. Беделді ұйым қазақтың қаршадай ғана қызы, әлемнің төрт дүркін жеңімпазы Жансая Әбдімәлікті дүниежүзіндегі ең жас гроссмейстер ретінде мойындады. Анығырақ айтқанда, Шымкенттің шынашақтай қызы зеректігімен, жас та болса жігерлілігімен әлемді өзіне қаратты.

Бүгінде шахмат пен Жансаяның есімі қатар аталады. 12 жасар қазақ қызының атағы жер жарып тұр. 8 жасынан-ақ, әлемді шарлаған зерек қыз қарсылас шыдатар емес. Ол 5 жасынан шаршы тақтаға үйірсектеді. Осы бір зияткерлік ойын өмірінің мәніне айналғанын түсінді. Шахмат әлемінің тереңіне бойлап, арман-мақсатын болашаққа бағыттаған. Сағаттап тапжылмай отырудан талғажу көрмеген балауса қыз зияткерлік ойынның заңғар биігіне шығуға әрекеттенеді.

Әрекет түбі берекет емес пе, ең алғаш Индонезияда өткен жаһан сайысында үздік шықты. Ол кезде кішкентай қыздың толағай жетістігіне кейбіреулер таңданса, енді біреулері жәй кездейсоқтыққа балады. Уақыт өте келе, екінші әлем чемпионатына қатысқан отандасымыз бұл жолы да жеңісінің көлденең келмегенін дәлелдеді. Мәскеу төрінде жеңісті қарсыластарынан жұлып алды. Жылдан-жылға жетіліп, шеберлігі шыңдалған жасөспірім Украинаға аттанады.

Бұл жарыста өзгелерден оқ бойы шығу оңайға соққан жоқ. Қарсыластары кілең ығай мен сығайлар. Бірақ талабы таудай алғыр қыз қайсарлығымен үшінші рет әлемді мойындатады. Жеңімпаз қыз оған да тоқмейілсіген жоқ. Мінеки, Бразиялияда өткен әлемдік сайыстың алтын жүлдесін иемденді. Аз ғана уақыт ішінде-ақ, дүниежүзін төрт рет бағындырды. Бұл қазақ ұлтының ұлы жеңісі деп бағалауға лайық.

Он жастан енді асқан дарынды қыздың болашағы әлі алда деп білеміз. Жерлесімізді көзайым жеңісімен құттықтау үшін Әбдімәлік Әшірбаев ағамызға қоңыраулаттық. Ол кісі де немересінің талабына дән риза. Шат-шадыман күйде мархайып отырғанын айтады.

«Немерем қазір Сингапурдың шахмат академиясында білімін жетілдіруде. Сабақ үлгерімі өте жақсы. Ол жақ өзіне ұнайтынын айтады. Бәріміз де соның тілеуін тілеп отырамыз. Оның бар ойы қазақтың атын әлемге әйгілеу ғой. Не айтайын басқа. Аман болса, бұдан да биіктерге жететініне сенеміз»,- дейді Әбдімәлік аға.

Ол кісі де ғылым жолында біршама жетістіктерге жеткен. Техника ғылымдарының докторы атағы бар. Техниканың тілін меңгерген ғалым ғылыми жаңалық ашып, еңбек жолында абыройлы іс атқарған. Ағамыздың да осындай зеректігі мен алғырлығы немересіне дарыған болар. Әбдімәлік ағаның көзқуанышы әлі-ақ толағай жеңістерге жететініне сенгіміз келеді-ақ.