Жансая ӘБДІМӘЛІК: «Суда балықша жүземін»

 

Президентпен тікелей тілдесіп, шахматты мектеп бағдарламасына кіргізу жөніндегі ұсынысқа себепкер болған әлемнің төрт дүркін чемпионы Жансая Әбдімәліктің қуанышын бөлісуге ұялы телефонына қоңыраулаттық. Айта кетейік, Жансая Шымкентте туып-өскен. Жерлесіміз тосыннан хабарласқанымызға тосылмай, сауалдарымызға жауап берді.

-Жансая, Елбасыға тікелей сауал жолдағаныңнан кейінгі көңіл күйің қалай? 

– Өте жақсы. Нұрсұлтан атаға көп рахмет. Әркез менің жеңісті сәттерімде тілеулес болып жүреді. Қамқорлығын да аяған емес. Осы оқиғаға алдымен себепкер болған менің шахматқа деген қызығушылығым шығар. Алдағы уақытта да жақсы жеңістерге ұмтыламын деп ойлаймын.

– Қазір қайда тұрып жатсың? Қай мектептің шәкірті екеніңді білгіміз келеді..
– Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Осындағы №126 мектепте 6 сыныптың табалдырығын аттадым. Шахматпен бірге сабақ оқуға да көп көңіл бөлемін.

– Шахмат пен сабақты бірдей алып жүру қиындық туғызбай ма?
– Жоқ. Ешбір қиыншылығын көрмедім. Көп уақыт шетелде жарыстарда боламын. Елге келгеннен кейін тапсырмаларды дер кезінде орындау басты міндетім.

– Бәрекелді. Өміріңде шахматтың алар орны қандай?
– Әрине, зияткерлік ойын менің серігім. Шынымды айтсам, әлі де бағындырмаған белесім бар. Арманым – болашақта ересек қыздар арасында әлем жеңімпазы атану. Ол үшін көп жыл еңбек ету керектігін де түсінемін. Бірақ мен өз жоспарыма жетуім керек.

– Алда қандай жарыстар күтіп тұр?
– Қараша айында Словенияда өтетін әлем чемпионатында бақ сынаймын. Қазір сол жарысқа дайындық жүргізудемін. Өздеріңіз білесіздер, кез-келген жеңіс оңайлықпен келмейді. Көп тер төгуім керек. Бұл жолы да жеңісті қолдан бермеуге бар күшімді сарқимын. Сөзіме сеніңіздер.

– Бос уақытта қай іспен шұғылданатыныңды айтып берсең…
– Қолым қалт етсе, бассейнге жүгіремін. Суда балықша жүзуге ынтам зор. Тіпті күні бойы хауызда сүңгуге шамам жетеді. Сізге бір құпиямды айтайын. Болашақта, суда жүзу спортынан биік белестерді бағындырғым келеді. Олимпиада жеңімпазы атану арман-қиялымда бар.

– Тілектес те ниеттеспіз. Алла алдыңнан жарылқасын.
– Сізге де рахмет!