Шахматты үйренгісі келетіндер көбейе бастаған

Бір айдың ішінде бұл мектепке 40-50 оқушы жазылған
Бір айдың ішінде бұл мектепке 40-50 оқушы жазылған
Бір айдың ішінде бұл мектепке 40-50 оқушы жазылған

Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат мектебінің ашылғанын бұған дейін де айтқанбыз. Бір айдың ішінде бұл мектепке 40-50 оқушы жазылған. Әр он балаға бір бапкер сабақ өтеді. Мектепте шахмат үйренуге қажетті оқу-жаттығу құралдары жеткілікті. Әсіресе, 5 жасар балаға арналған оқулықтар өте қызықты әрі түсінікті суреттермен бейнеленген. Бұдан бөлек, шахмат үйренушілер болашақта микрочип орнатылған фигуралардың көмегімен ғаламтор арқылы білімін жетілдіретін болады. Үйренушілер өзінің бос уақытына қарай аптасына үш рет келіп дәріс ала алады. Дәріс – күніне бір сағатқа созылады.

Әбдімәлік Әшіров, Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат мектебінің директоры:

– Мектеп ашылғалы қала тұрғындарының шахматқа деген қызығушылығы өте жоғары екенін аңғардық. Шахмат ойын немесе спорттың бір түрі ғана емес, өмір сүрудің әліппесі деуге де болады. Шахматты жақсы ойнаған адам ақылды болатынын өмірдің өзі көрсетіп жүр.

Оқу-жаттығу сабақтары маусым айының соңына дейін жалғаспақ. Шілде, тамыз айларында мектеп бағдарламасына сәйкес шахмат мектебі де жұмысын тоқтатады.

Айтпақшы…

Оқырманды қызықтырған оқу ақысы айына 5 мың теңге, кассалық жүйемен ОҚМПИ есепшотына аударылады. Сондай-ақ, ата-ананың сабақ соңына дейін баласының жанында отыруына рұқсат етілген. Балаларды 5 жастан бастап қабылдайды.

Ал осы кезде…

Ресейдің Ханты-Мансий автономиялық округінде өткен Халықаралық шахмат қауымдастығы (ФИДЕ) кеңесінде жерлесіміз Жансая Әбдімәлік әйелдер арасында Халықаралық гроссмейстер атағын алды.