Дүбірлі додаға 15 күн қалды

Дүниені дүбірге бөлеген Лондон Олимпиадасына да санаулы күн қалды. Ғаламдық сайысқа жолдама үлестіретін халықаралық додалар түгесілді. Тұманды Альбионда қазақ елінің намысын асқақтататын 115 спортшы сақадай-сай. Бәрі де електік турнирден сүрінбей өтіп, ұлттық құрама тізіміне енген сақа саңлақтар. Алаш жұрты олимпиадашыларға зор үміт артып отыр.

4 – шілде күні Президент Н.Назарбаев Ақордада олимпиадашылардың басын қосты. Ақ батасын беріп, ақжарма тілегін айтты. «Мен қазір сіздерге біздің туымызды тапсырамын. Оны сіздер елге зор мәртебемен алып келесіздер», – деген Мемлекет басшысы грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиевке еліміздің көк байрағын ұстатты. Президент бұл олимпиаданың бұрынғыдан өзгерек екенін жасырған жоқ. Расында солай. Қаржының бәрі спортқа құйылып, спортшыларымыздың жағдайы әжептәуір жақсарған. Енді сенген сайыпқырандарымыз Лондон төрінде ақ түйенің қарнын жаруы тиіс.

Спорт және денешынықтыру істері агенттігі 3 алтын, кемінде 13 жүлдені қоржынға салуға уәде берген. Айта кетейік, жуырда баспасөз жиынын өткізген агенттік басшысы Талғат Ермегияев уәде орындалмаса, жылы креслосымен қоштасуға дайын екендігін жайып салды. Сірә, бұл спортшыларымыздың әлеуетін бажайлап, қарекетімізді зерделеп барып айтылған сөз болса керек.

Рас, Лондонға аттанатын отандастарымыздың ішінде Оңтүстік спортшыларының қатары қалың. Бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс. Тек, спортшыларымыз жүлдеге қол созып, ел мерейін өсірсе дейміз. Шойынжұдырық Біржан Жақыпов, таэквондошылар Нұсұлтан Мамаев пен Феруза Ергешова, еркін күрес шебері Ермек Байдуашев пен Елена Шалыгинаның олжа салуға қауқары бар. Қалған спортшыларымыз «ақсүйектер» еліне құр серуендеуге бара жатпаса керек. Гимнастика шебері Мөлдір Әзімбай, велоспортшы Александр Дьяченко, татами шынары Александра Подрядова және желаяқ Наталья Ивонинскаядан үміт күтеміз.

Сөз жоқ, олимпиада ойындарында еліміздің зілтеміршілеріне зор жауапкершілік жүктеліп отыр. 8 ауыр атлеттің әрбірі жүлде алуға қабілетті. Әлемнің үш дүркін чемпионы Илья Ильин, екі дүркін жаһан жеңімпаздары Зүлфия Чиншанло (53 келі), Майя Манеза (63 келі) және Светлана Подобедова тек алтын үшін күресетіндеріне сөз берген. Олардан бөлек, Талдықорған төрінен суырылып шыққан «жаңа қазақтар» Арли Чонтей мен Фархад Харки жүлде әперуі ләзім. Бір айта кетерлігі, отандық ауыр атлетика қауымдастығының «тосын сыйына» спортсүйер көпшілік наразылық білдіруде.

Анығырақ айтсақ, көп жылдар бойы ұлттық құраманың жейдесін тоздырған Владимир Седов, Сергей Истомин, Александра Аборнева, Ирина Некрасованың орнына екі дүнген жігітін «дайын асқа тік қасық» болды деп жазғырушылар бар. Қалай болғанда да, оларды Лондонға баратындардың тізіміне қосқан қырағы мамандардың бір түйгені бар шығар. Ол екеуі де ел біріншілігінде тәуір нәтиже көрсетіп, мамандардың көзіне түсті. Арли Чонтей ( 56 келі) Шымкенттің атынан сынға түссе, Фархад Харки (62 келі) Ақтөбенің абыройын аспандатуға бел буыпты. Сондықтан да, облысымыздың намысын қорғайтын арыны қатты Арли жерге қаратпайды деп сенеміз. Ал ұзақ жылдар бойы олимпиададағы сүрлеуімізді жалғастыратын Арлиға рахмет айтармыз, бәлкім. Ұлттық құраманың тізімінен сызылып қалған Александра Аборнева, Сергей Истомин, Надежда Ногай және Жазира Жаппарқұлдың орнын жоқтатпай, Шымкенттік зілтеміршілердің абыройын өсірген Чонтейдікі ерлікпен пара-пар.

Мамандар зілтеміршіміздің қарқынына жоғары баға беруде. Талдықорғандағы ел біріншілігінде жерлесіміз жұлқа көтеруде 132, серпе көтеруде 160 келіні еңсеріп, қорытындысында 292 келіні ырқына көндірген. Ал, былтыр Париждегі Әлем чемпионатында қытайлық Ву Жинбао дәл осы салмақты еңсерген еді.

Ендеше оңтүстікқазақстандық зілтеміршінің олимпиадада ұзаққа көсілетініне сенім бар. Шынында, қарымды жігіттің қайдан келгенін, қандай жетістіктері бар екенін көпшілік жұрт біле бермейді. Ол Қырғызстанның Нарын аумағының тумасы. Бұған дейін Қырғызстан, Қытай елінің атынан сынға түсіп келген.

Жас болса да, еңбекқорлығымен көзге түскен атлетті біздің бапкерлер былтыр елімізге аттай қалап алдырған. Осылайша 20 жасар дүнген азаматы екі жылдан бері Шымкентте жаттығу жасап жүрді. Енді міне, ешкімнің қаперіне кірмеген ол Лондонға баратындардың қатарына қосылды. Тіл-көзден аман болса, ғаламдық ойындардың бағалы жүлдесіне жармасуға мүмкіндігі мол. Естеріңізге сала кетсек, зілтеміршілер сайысы 28 – шілдеден 7- тамызға дейін жалғасады. Ал жерлесіміздің өнеріне 29-ы күні куә боламыз.