«Ордабасы» футболшылары қоржынға 3 ұпай салды

255
"Ордабасы" ФК аяқдопшылары үш ұпайға ие болды

Ел чемпионатының 15-турында шымкенттік «Ордабасы» «Сұңқармен» кездесті. Матч бастала салысымен-ақ жерлестеріміздің қателігі қонақтарға гол сыйлады. Ойынның бесінші минутында Алмат Бекбаевтың қақпасына доп соғылды.

Алғашқы таим 0:1 есебімен аяқталды. Қонақтарда есепті еселей алмады, ал ордабасылықтар тіпті қақпаға допты дәлдей алмай әлекке салынды. Бабатунденің ұсынған добын Дәуренбек Тәжімбетов қақпаға бағыттай алмаса, кейіннен Пахалюк те голдың авторы атану мүмкіндігінен айрылды.

Үзіліс кезінде Виктор Пасулько командасымен дұрыстап сөйлессе керек, екінші таимда жігіттер жинақы ойын көрсете бастады. Нәтижесінде ойынның 47-ші минутында бұрыштама доптан ұсынға мүмкіндікті Тәжімбетов дұрыс пайдалана білді.

Есепті теңестіріп алғаннан кейін алаң қожайындары шабуылға көшті. Алайда шабуылдың бірінде Бабатунде қателісті. Десек те легионер кейіннен 15 метрлік жерден қонақтар қақпасына гол соғып, есепті еселеді.

Ордабасылықтар ойын тізгінін қолына алып, алдымен Касьянов 25 метрден қақпаға доп бағыттаса, 67-минутта Трайкович та көзге түсе білді. Бұл тұста ереже бұзып, ескерту қағазын алушылардың да қатары көбее түсті. Десек те, ойынның 84-ші минутында Дәуренбек бұл ойында дүбль орындау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жолы да Касьянов көмекке келді.

Енді шымкенттік «Ордабасы» шілденің бесі күні Сербияда евро лигадағы алғашқы тур ойынын көрсетеді.