Шымкенттегі жүйке аурулар диспансер әзірге жабылмайды

476

Шымкенттегі жүйке аурулар диспансері өз жұмысын уақытша жалғастыруға мүмкіндік алды. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада берілген хабарымызда аталмыш аурухананың ауданаралық экономикалық соттың шешімімен жабылуға тиіс екені туралы ақпарат таратқан болатынбыз. Осының артынша емдеу мекемесінің басшылығы нысанның жұмысын жалғастыруға сотқа қайта өтініш берген болатын. Бүгін осы мәселеге қатысты сот орындаушылар мен денсаулық сақтау басқармасының басшылығынан аурухананың алдағы ахуалы қалай боларын анықтауға тырыстық.

Жүйке аурулар ауруханасы басшылығының жазған өтініші экономикалық сотта әлі қаралып жатыр екен. Сондықтан емдеу мекемесі жұмысын тоқтатады, тоқтатпайды деп нақты айтуға әзірге ерте. Сот орындаушылар осылай дейді.

Ал денсаулық сақтау мекемесіндегілер аталмыш ауруханадағы ахуалды реттеуге үлгере алмай жатқанын айтады. Бүгінде облыста жөндеу жұмысы жүргізілуі тиіс 78 медициналық нысан болса, соның бірі жүйке жүйелері ауруханасы болып отыр. 23 млн. 650 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттары әзірленгенімен, қазынадан қаржы әлі бөлінбеген. Оның үстіне бұл іске қыруар қаражат керек. Енді басқарма басшылығы емдеу мекемесінің жағдайын басқаша жолмен шешуге бел буып отыр.

Кезең-кезеңімен жасалынатын жұмыстар аурухананың әр ғимаратында кезекпен жүргізілмек. Өйткені сот шешімімен жабылған қамау тәртібіндегі науқастарды көшіру қиынға соғады. Демек, жүйке аурулар диспансеріндегі күрделі жөндеу жұмыстары биыл толықтай бітпейтіні анық.