«Бекжандықтарға» көмек көрсетілуде

Өткен аптаның жұмасында Шымкенттегі «Бекжан» орталық базары өртке оранды. 4 мың шаршы метр аумақтың түгі қалмай жанып кеткен. Таңғы сағат төрттер шамасында тұтанған тілсіз жауды өрт сөндірушілер екі сағат дегенде әрең ауыздықтады.

Тілсіз тажалдың күшті болғаны соншалық, одан шыққан жалын мен түтін шамамен 300 метр биіктікке дейін көтерілді. Көмекке көрші аудандардан қосымша өрт сөндірушілер шақырылды.

Сауда жасаушылардың мүлкінен күл ғана қалған. Қала әкімдігі зардап шеккендерге көмек көрсетіледі деп мәлімдеді. Куәгерлердің айтуынша, жалын базар аумағындағы екі қабатты сауда орнынан шыққан. Бірден күш алған өрт мұнан кейін, базардың өзге де жерлеріне тез тарайды. Өртті сөндіру кезінде базар ішінен ер адамның өлі денесі табылған. Өрт сөндіру қызметінің дереккөзінде «бұл адам тауарын өрттен аман алып қалуға тырысқан саудагер болуы мүмкін» делінген-ді.

Кейін белгілі болғандай, ол Қырғызстан азаматы болып шықты. Қазір «Бекжан» базарының саудагерлеріне қаладағы өзге базарлардан тегін орын берілуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова мәлім етті. Қазір жедел тергеу топтары жұмыс істеп, өрттің шығу себептерін анықтауда. Шаһар басшылығы бірнеше күн бұрын осы базардағы техникалық қауіпсіздік талаптарына тексеріс жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталған. Апаттан келген шығынды әзірге тап басып айту қиын.

Базар шаһардағы ірі сауда орындарының бірі екенін ескерсек, күлге айналған дүниенің құны орасан зор. Апаттың себептері мен шығынын нақтылау үшін комиссия құрылды. ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, «базардағы өрт қасақана қойылған» деген айыппен ҚР ҚК 187-ші бабына сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда бұл іске 56 тергеуші мен 11 сарапшы-криминалистер жұмылдырылып отыр. Бүгінге дейін базар аумағында қызмет ететін 21 күзетшінің 15-і тергеушілердің сұрағына жауап берген.

ІІД мәліметінше, 1200 адамнан арыз түсіп, 7000 азамат материалдық шығынға ұшырапты. Қазір базар маңындағы автобекет ғимаратының екінші және үшінші қабатынан саудагерлерге арнайы орын берілуде. Оған қоса қала әкімдігінің бастамасымен қайырымдылық қор құрылған. Осы арқылы қиындыққа тап болған сатушыларға көмек көрсетілмек. Айта кету керек, базар әкімшілігі зардап шеккендер үшін 2000 АҚШ доллары көлемінде жәрдемақы бере бастады.

Алайда, саудагерлер бұл біздің шеккен шығынымыздың болмашы бір бөлігін өтеуге ғана жетеді деп жыларман болуда.