«Еш қорықпадым». Қос бүлдіршінді өрттен аман алып қалған Бақытжан Беркінбай марапатталды

353

13 жастағы жасөспірім екі баланы өрттен аман алып қалды. Тілсіз жаудың қоршауында қалған қос балақайдың өмірін сақтап қалған Бақытжан Беркінбайды бүгін төтеншеліктер мақтап, марапаттады. Сын сағатта қауіп-қатерге қарамастан қайсарлық танытқан оған алғыс хат ұсынып, арқасынан қақты.

Бейбіт күннің батыры Бақытжан Беркінбайдың батырлығы әсіресе төтеншеліктерді тәнті етті. Себебі, буыны бекімеген жеткіншек шұғыл шешім қабылдамағанда қос бүлдіршіннің аман қалуы неғайбыл екен. Күні бүгін шұғыл брифинг ұйымдастырған департамент өкілдері 13 жасар жасөспірімді бұдан да үлкен марапатқа лайық деп тауып, өз ұсыныстарын жасап та үлгерген.

Нұрболат Дербісов, Шымкент қаласы ТЖД бастығы: «Бақытжан Беркінбайды біз өз тарапымыздан алғыс хатпен марапаттадық. «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау үшін еліміздің ІІМ атына және арнайы алғыс хатпен марапаттау үшін қалалық әкімдікке ұсыныс жолдадық».

Айта кетейік, оқыс оқиға 16 ақпанда сағат 4 тер шамасында «Құрсай» шағынауданында орналасқан уақытша салынған мына үйде болған. 60 шаршы метрді алған тілсіз жаудың әлегімен төтетншеліктер 1 сағаттан астам уақыт күресіпті. Үйдің үлкені түтінді көріп, қорыққаннан көршілерден көмек сұраған. Қаршадай шарасыз қыздың халін көрген Бақытжан Беркінбай бір қолының жарақатталғанына қарамастан балалардың бірін көтеріп, бірін жетектеп сыртқа шығарған.

Бақытжан Беркінбай: «Үйде анам бар еді. Бірақ мен оған айтуға үлгермей, дереу жанып жатқан үйге бардым. Қарасам үйдің ішінде өрт шығып, жан-жағы жанып жатыр екен. Сол үйдің 6 жасар қызы мен 3 жасар баласы бір шетте қорқып отырды. Түтінге тұншыққан ба, әйтеуір есінен тануға шақ қалған».

Ал балалардың әкесі бұл кезде өзінің де, жұбайының да жұмыста болғанын айтады. Үй ішіндегі дүние мүлкі түгелдей жанып кеткен отбасының мүшелері қазір жан-жақта жақын-жұрағатты паналап жүр екен.

Азамат Еркінбай: «Қызым темекі тұтандырғыш тауып алғанын айтты. Оттық көрпе-төсекке тиіп, өрт үйді алып кеткен болуы керек. Қызым қорқып көршілерден көмек сұраған. Құдай сақтап, Бақытжан балаларды құтқарып алыпты. Алғысым шексіз».

Бұл болжам ғана. Төтеншеліктер қазір өрттің шығу себептерін анықтап жатыр. Айта кетейік, бұл жыл басынан бері өртке қатысты орын алған 8-оқиға. Ағымдағы жылы тіркелген жайсыз оқиғаларда 3 адам қайтыс болып, 4 адам жарақат алыпты.

Мақпал Рысбаева