Түрік бауырлар Шымкентте ауызашар берді

Шымкентке Түркиядан арнайы делегация келді. Стамбулдың депутаттары мен сондағы Бағжылар ауданының әкімі бастап келген 27 кісінің саясатқа қатысы жоқ. Олар жылдағы дәстүр бойынша біздің облыста қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, бауырлас елдердің достығын нығайтуға келіпті.

Құрметті қонақтар, ең алдымен, қала әкімдігінде арнайы баспасөз конференциясын өткізді. Түбі бір түркі тілдес жұрттың өкілдеріне біздікілер көргенде шаһарымызды еске салатын естелік сый тартты.

Түрік ағайындардың Шымқалаға деген сыйы – осындағы Ораза ұстаған жамағатқа ауызашар беру болатын. Шаһардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан аузы берік 800 жанға дастархан жайылды. Бұл ретте Шымкент қалалық әкімдігі тұрмысы төмен отбасылардың басын жиып, ұйымдастыруға себеп болды.

Апаш ТӨЛЕГЕНОВА, көпбалалы ана: «Сонау алыстан келіп, бізге ауызашар беріп отырған түрік ағайындарға рахмет. Жылда келеді. Қайырымды іске ұйытқы болған жандарды Алла өзі жар болып, әр жылы дәл осылайша дидарласуды жазсын».

Түркі бауырларымыз қаламызға осымен жетінші жыл қатарынан келуде. Түркиялық кәсіпкерлердің қаржысына олар еліміздің өзге де аймақтары мен әлемнің түкпір-түкпіріне дәл осындай ауызашар береді.

Кенан КӨЛТҮРІК, Түркиядағы Бағжылар ауданының мәдениет басқармасы бастығы: «Біз мұнан соң өзіміздің Стамбулдағы, Африка мен Палестинадағы Ораза ұстаған азаматтарға да барып ауызашар беруді жоспарлап отырмыз. Бұл қайырымдылық ісіне біздегі кәсіпкерлер демеушілік етуде. Солардан түскен қаржыға жасалып отырған іс бұл».

Қалиолла МАДЖАНОВ, Облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы: «Былтыр біздің қазақстандық делегация да, түрік елінде өмір сүретін қазақтарға барып, ауызашар берген болатын. Биыл, өкінішке орай, мұндай шара ұйымдастырылмайын деп тұр. Себебі, таяу арада Шымкенттің әкімі ауысты ғой. Көп істің басына ұйытқы болуға мүмкіндігі болмай жатқан сыңайлы. Мүмкін, осының салдары ма екен, әзірге тынышпыз. Егер, қайырымды адамдар жиналып, ұйымдастырып жатса, неге бізге де Анажұрттағы ағайындарға барып, жақсы іске ұйытқы болмасқа?!».

Әрине, қазақтың шапанынсыз тойдың сәні келіскен бе? Қонақтардың иығына шапан жабылып, құрметтелді. Сыйға – сый, сыраға – бал қағидасын ұстанған қонақтарымыз біздегі ұйымдастырушыларға алтыннан құйылған тостағаншалар табыс етті. Осылайша, қос елдің саңлақтары бір-біріне оразаң қабыл болсын десіп, тарауих намазына жиналды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ISxEXKcfdF4[/youtube]