Оңтүстіктің әлеуеті артып келеді

Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық даму көрсеткіші жыл санап қарқынды түрде өсіп келеді. Бұл бірінші кезекте Елбасының ұйытқы болуымен халықтың әл-әуқатын арттыру жолында жасалынып жатқан әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар мен тың жобалардың арқасы деп білу керек. Республика халқының 20 пайызға жуығы шоғырланған үлкен облыстың әлеуетін өрге сүйреу оңай жұмыс емес. Кезігетін проблемалар, кездейсоқ шыға келетін төтенше жағдайлар мен әлемдік масштабта құбылып тұрған экономикалық өзгерістер тұсында елдің табысын арттырып, бәсекеге қабілетін шыңдай түсу қиынның қиыны. Десек те көрсеткіштер тәп-тәуір.

Облыс экономикасын құраушы негізгі салалардың өсіміне жеке-жеке тоқталар болсақ, 2012 жылдың қаңтар-шілдесінде 237,9 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 2011 жылдың тиісті кезеңінің деңгейімен салыстырғанда – 102,5% -ға артқан. Өнеркәсіптік өнім көлемінің 23,0% үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі – 8,0%-ға артып, 54,8 млрд. теңгені құрапты. Аса маңызды өнімдердің ішінде ұн өндіру – 19,1% (496,3 мың тонна), мақта талшығы – 52,2% (37,7 мың тонна), бензин – 5,2% (644,1 мың тонна), керосин – 22,2% (165 мың тонна), цемент – 34,7% (955,6 мың тонна), мақта иірім жібі – 21,0% (2,8 мың тонна), мақта маталары – 19,2%-ға (14,1 млн. шаршы метр) артқан.

Оңтүстік Қазақстан облысы елдегі ірі ауыл шаруашылықты облыс екенін жұртшылық жақсы біледі. Жер еміп өскен өңір тұрғындары жыл өткен сайын оны баптаудың да қыр-сырын жетік меңгере бастаған. Егін шаруашылығын әртараптандыру мен мемлекеттік қолдаудың арқасында жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерінің көлемі жылдан-жылға ұлғаю үстінде. Атап айтсақ, 2006-2012 жылдар аралығында дақылдардың егіс көлемі 16 мың гектарға өскен, ал жүзімнің екпелері 8 мыңға жеткізілген. Ұлттық тұтыну нормасына сай, әрбір жан жылына 4 кг. жүзім, 18 кг. жидек жейді екен.

Ал біздің облыс диқандары өткен жылы бұл көрсеткішті артығымен орындаған. Нақтырақ тоқталатын болсақ, әрбір оңтүстікқазақстандықтың несібесі үшін жылына 21 келі жеміс-жидек, 15 келі жүзім өндіріліпті. Ал республика халқын сапалы дақылдарымен қамтамасыз етуде бұл аздық етуде.

Жалпы облыстағы ауыл шаруашылығы саласының биылғы жарты жылдықтағы жетістіктері жаман емес. ОҚО Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,3 млрд. теңгені немесе нақты көлем индексі 100,9%-ды құрайды. Оның ішінде, мал шаруашылығында – 67,3 млрд, егін шаруашылығында — 6,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Облыстың барлық шаруашылық санаттарында 96,7 мың тонна ет (тірідей салмақта), 410,1 мың тонна сүт, 163,8 млн. дана тауық жұмыртқасы өндіріліпті, немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тиісінше – 102,4%, 100,9% және 101,6%-ды құрайды. 2012 жылдың 1 тамызына дейінгі облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара мал саны – 958,9 мың басты немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне – 101,5%, қой – 4091,5 мың бас, немесе 101,5%, жылқы – 209,6 мың бас, түйе – 22,0 мың бас, шошқа – 49,7 мың бас, құс саны – 2765,2 мың бас немесе 102,7%-ды құраған.

Қазақстан тауар өндіруде бәсекеге қабілетті елдер арасында 52-інші орында.

Облыс экономикасын өрге сүйрейді делінетін саланың бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Мұнда да біршама ілгерілеушіліктің бары байқалады. Мәселен, 2012 жылдың 1 тамызына дейін облыс нарығында белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 115,1 мың бірлікті құраған. Бұл 2011 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,0%-ға артық. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің шығарған өнімі, тауарлары, көрсеткен қызметі 181,5 млрд. теңгені құрап, жұмыспен қамтылғандар саны 293,0 мың адамға жеткен.
2012 жылдың қаңтар-шілдесінде негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі бағалау есебімен 128,0 млрд. теңгені құрап, 104,8%-ға артқан. Негізгі инвестициялық салымдарды ірі кәсіпорындар жүзеге асырыпты, олардың көлемі 47,9 млрд. теңгені немесе 144,0%-ды құраған. Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп, көлік және қойма салу істеріне тиесілі. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі олардың үлесі, тиісінше 45,8% және 22,2%-ды құрайды.

Облыстың сыртқы сауда көлемі де біршама артқан. 2012 жылғы қаңтар-маусымында сыртқы сауда айналымының көлемі 2085,1 млн. АҚШ долларын немесе 2011 жылғы қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 125,5%-ды құраған, оның ішінде экспорт, тиісінше – 1465,4 млн. АҚШ доллары немесе 137,2%, импорт – 619,7 млн. АҚШ доллары немесе 104,4%-ды құрапты. Экспорттың тауарлық құрылымында (Кедендік Одақтың елдерінсіз) негізгі үлесті минералды өнімдер (2012 жылдың қаңтар-маусымында – 72,5%), импорт машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, приборлар мен аппараттар (41,0%), химия және сонымен байланысқан өнеркәсіп салаларының өнімдері (17,6%) орын алады.

Жұмыспен қамту ісі бойынша 2012 жылдың II тоқсанында облыста экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 1242,6 мың адамды, жұмыссыздар – 69,1 мың адамды, жалпы жұмыссыздық деңгейі – 5,6%-ды құраған. Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша жұмысқа орналастыруға өтініш білдірген 38,3 мың жұмыссыздың 33,5 мыңы немесе 87,5%-ы жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналастырылыпты. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 7071 ресми тіркелген жұмыссыздар тартылған.

Үстіміздегі жылдың маусымында облыс халқының орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 32011 теңгені құрап, 2011 жылдың маусымымен салыстырғанда 10,1%-ға артқан және де нақты ақшалай табысы 5,6%-ға өскен. 2012 жылдың басында ОҚО-да аз қамтамасыз етілген азаматтардың саны 13715 адамды немесе облыс халқының – 0,5%-ын құраса керек. Жарты жыл өткенде олардың саны 22,8%-ға кеміп, 10593 адамды немесе облыс халқының 0,4%-ын құраған.

Облыстық экономика және бюджеттік жос-парлау басқармасы бастығының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков осы мәліметтермен бөлісе отырып, облыс экономикасының жыл санап қарқынды өсіп келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, экономикадағы осы динамикалық өсім одан әрі жалғаса түсері сөзсіз. Себебі индустрияландыру бағдарламасының қарқыны қатты. Кеше, бүгін ашылған өндіріс орындары өздерінің қуаттылығын бірнеше жылда көрсете бастайды. Тиісінше өңір экономикасы да соған сай үлкен жылдамдықпен дамиды, – дейді. Қалай десек те, қазағы қалың облыстың елдегі әлеуетті өңірдің біріне айнала бастағаны қазірдің өзінде талас туғызбайды. Ең бастысы, осы қарқынын жоғалтпаса болғаны.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ