Киерге киімі жоқ

Шымкенттегі белгілі тұрағы жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы 2000 жылы ашылған
Шымкенттегі белгілі тұрағы жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы 2000 жылы ашылған

Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік сала қызметкерлерінің төл мерекесі. Осынау, ауыр да, жауапты істі атқарып жүрген азаматтардың еңбегімен қаншалықты таныспыз? Жалпы, күнделікті өмірде жұмысының қиындығы көзге көріне бермейтін мамандардың ісі өз дәрежесінде бағаланып жүр ме? Көкейімізді тескен сауалдарға жауап іздеп Шымкенттегі «Белгілі тұрағы жоқ азаматтарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына» жол тарттық.

Жасырмаймын, аулаға кіргеннен қолаңса біртүрлі бір иіс мүңк етті. Бұлай деп орталықта бұл күндері тұрып жатқан азаматтар мен сондағы қызметкерлерді кемсітейін деп отырғаным жоқ. Десе де, қарапайым халық қаңғыбастар мекені атап кеткен орталыққа қарны тоқ, көйлегі көк адамның өздігінен келмесі анық. Өмірдің түрлі сынағына ұшырап, бірі жүріп-тұрудан қалып, екіншісі ішіп-жеуден мақұрым болса, адам қанша таза тұрмысты болғанымен, жоғарыда мен айтып отырғандай түрлі иістен құтыла алмасы заңды. Айтайын дегенім, сондай жағдайда жұмыс істеп жүрген азаматтарға іштей алғыс айтқаным еді.

Қаңғыбастар орталығына бас сұққаннан операторым екеумізге бетперде беріп, жағдайымызды жасап, асты-үстімізге түсіп жүрген мамандардан өздерінің қалай шыдайтындарын сұраймын ғой таң қалып… «Үйрендік қой…» дейді сөйтсем медбике Гүлдариға апай жымия түсіп. «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» 2000 жылы ашылған. Менің де кейіпкерім Гүлдариға Жүсіпәлиева сол жылдардан бері осында қызмет етіп келеді екен. Аттай он екі жыл. Осы уақыт аралығында ол орталыққа тағдыр тезімен келетін адамдардың ет жақынындай болып кетті. Ауырса, қан қысымын өлшейді, дәрі береді деген сықылды көмектер. Ол үшін бұл мекеннің кәдуілгі жұмыс орнынан айырмашылығы жоқ. Керісінше, қажырлы қайратымен үй-күйсіз жандарға демеу болуға асығады.

Гүлдариға ЖҮСІПӘЛИЕВА, орталық медбикесі: «Қазір жақсы ғой. Бұрындары қиын еді. Әсіресе, қыстыгүні аяқ-қолын үсітіп алып келетіндер көп. Жарамсыз дене мүшесін кесуге мәжбүр болатын кездер жиі болып тұрады. Қынжылатыным, орталыққа түсетіндердің көпшілігі соңғы кездері өзіміздің қаракөздер. Мәселен, бүгінгі таңда бізде 166 қаңғыбас болса, соның 60-ы қазақ, 70-і орыс, қалғаны өзге ұлттың өкілдері. Көпшілігінде тіпті жеке басын куәландыратын құжат та жоқ. Содан ауыра қалса, дәрігерлер ауруханаға портал жүйесі арқылы жатқыз деп кезекке қойып қояды. Ешкімі жоқ жанның құжатын жасау қаншалықты жыр екені айтпаса да түсінікті емес пе?! Осы секілді проблемаларды көргенде налисың, әрине. Әйтпесе, 12 жылда бұл жерге де үйреніп кеттім. Айлық ақым 47 мың теңге. Құдайға шүкір, тұрмыс тіршілігіне жетіп жатыр. Бұйыртып жатса, осы жерден зейнетке шығамын деген үмітім бар».

Басшылық, әсіресе, орталықтың кіші аяжан қызметкерлеріне дән риза. Олай дейтінім, мұнда түрлі ахуалда келетін азаматтардың оны-мұнысын тазалап, төсегіне жібергендері болса жуып-шаятындар да солар екен. Еңбегі ауыр осындай азаматтарға айлық ақы жоғарыласа аз да болса демеу болар еді деген тілегін де жасырып қалмайды олар.

Орталықтағы қаңғыбастарға қазір қажет болып тұрғаны киім екенін білдік. Гардаробқа ілінген жаздық, қыстық киімдерді мұнда тек шіркеу қызметкерлері ғана әкеліп беретін көрінеді. Мемлекеттен қаңғыбастарға арнайы киім бөлінбеген болып шықты. Бір қызығы, жұмысының қаншалықты қиын екенін айтып беруін өтінген біздерге мамандар қаңғыбастардың осы секілді мәселелерін әңгімелеп беруді жөн көрді. Жеке бас қамынан бұрын ортақ түйткілді қаузаған жандарға біз де  іштей разы болып қайттық.

Сөз соңында үйіңізде сәннен шығып, не тозып, үстіңізге іле алмай жүрген киім-кешегіңіз болса, шаһардағы қаңғыбастар орталығына апарыңыз деген тілегіміз бар. Алда қылышын сүйреткен қыс келе жатқанын ескерсек игі. Мүмкін, дәл Сіздің сый еткен сол жейдеңіз ондағы баспанасыз адамдардың үсіген мүшелерін жылытуға сеп болар…

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Fuk7l7Rqg6Y[/youtube]