«Жәдігер» халықтық дәстүрлі топ өнерпаздары Шымкентте

563
"Жәдігер" Шымкентте
«Жәдігер» Шымкентте

Қазақтың халық әндері шырқалған бұл күні халқымыздың болмысын боямасыз баяндайтын дүниелер сахна төрінде орындалды. «Жәдігер» халықтық дәстүрлі топ өнерпаздары ұлттық нақыштағы қазақи туындыларды Оңтүстік жұртшылығына ұсынды. Айта өтейік, көпшілік асыға күткен кештің басты қонағы – Бекболат Тілеуханов.

Еліміздің түкпір-түпірінен таланттардың басын қосып, нағыз ұлттық өнерді паш етіп жүрген «жәдігерліктер» кешін астаналық ақын Мейіржан Әлібеков пен ОҚО Жазушылар Одағының төрағасы Әбілда Аймақ алғысөздерімен ашық деп жариялады. Сонымен қоса, өнердің қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өнерпаздары да осы өнертобының қатарынан көрінді.

Мақсат Бақытбекұлы: «Бүгінгі «Жәдігер» деп аталатын кеш бізге өте керек. Анығырақ айтсам, дәл қазіргі қоғамға ауадай қажет дер едім. Себебі, бүгінгінің адамдары эстрадаға бет бұрып, қазақтықтың нағыз өнерін ұмытып бара жатыр ғой. Жаңа технолоия, ғасыр талабы дейміз, әйтеуір қазақтықтың қанына сіңген қасиеттерден бойымызды аулақ ұсауға ынтызармыз. Нағыз әнші, өнер иелері міне осындағы таланттар ғой! Табиғи жанды дауыста, аспап сүйемелдеуімен -ақ айта береді. «Фонограмма» деген атымен жоқ. Дәл осындай ұлттық өнерге шөліркеген таңда «Жәдігер»-дің ел аралап жүруі де өте орынды. Залға қарап қуанып отырған жайым бар. Жас-кәрісі демей, тамашалап отыр. Қосылып та қояды. Меніңше, қазақты қазақ ретінде танытатын дәл осы табиғатымыз».

Мейіржан Әлібеков, ақын: «Замандастарымздың өнеріне тәнті болып отырған өнерсүйерқауымды көріп, марқайып отырмын бүгін. Міне, қазақтың алты ауызын танытатын арнайы кеш болып отыр ғой. Халық та көп жиналды. Мәз-мейрам болып, ынтызарлықпен тамашалап отырғанын көріп өнердің жанашыры Оңтүстік дегенге анық көзім жетіп отырған жайы бар. Жастар да қалмай келген. Қол соғып, демеу беріп – өнерпаздарға рухани қошемет көрсеткеннің өзі қазақтың өнеріне деген шексіз құрметтің дәлелі болса керек-ті. Әрине, қазақтықтың қалыпын сақтап қалар осындай шаралардың өткізіліп тұрағына не жетсін?!» 

Сахна төрінен ұлттық нақыштан сыр шертетін өнер үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Өлең-жыр, терме, ақындар айтысы, түрлі әуендік қасиетті аспабтар күйі – міне осындай қазақтың қасиетті өнері де өңіріміздегі Сәкен Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйінде тамашаланды. Айта өтетін жәйт, кештің басы-қасында бас болып жүрген Бекболат Тілеуханов жиналған жұртшылық алдында жүргізілген сауалнамаларға ашық жауап беріп, ойын бүкпесіз жеткізіп отырды. Арасында халық әндерін әуелетіп, тұщымды, құлақ құрышын қандыратын термелерден де шырқауды ұмытпады.

Қара домбыраны құйқылжыта тартқан өнер иесі сонау бір замандардағы сал, серілердің бейнесін көз алдымызға елестетті. Қазақтың қара домалақ перзенті Оңтүстік жұртшылығының жанына жылулық ұялатып, рухани ләззат сыйлады. Көпшілік те көптен күткен Бекболатына разы болып отырғаны – олардың көрсеткен құрмет-ілтипатын анық байқалып-ақ тұрды. Сондай-ақ Бекболат Тілеуханов сахна төрінде отырған кезде көрермендерден көптеген хаттар келіп түскені белгілі, бірі «Сіз уахавист емессіз бе?» десе, енді бірі «саясаттан мәңгі қол үзгенсіз бе?» деп Бекболатқа ашық саусалдар жолдады. 

Бекболат Тілеуханов

Бекболат Тілеуханов: «Жалпы біз бір тұтас, есі дұрыс ұлт болу үшін ең алдымен дәстүр сақталуы керек. Ұлттық сипаттар сақталуы керек. Сипатынан айырылған халық ол ұзаққа бармайды. Мынау шелекке отырғызылған гүл сияқты болып қалады. Сондықтан ұлттық негізгі сипаттайтын факторларлың ішіндегі бір ерекше нәрсе – дәстүрлі музыкасы, дәстүрлі өнері. Яғни, термесі, оның айтысы, поэзия парақтары, күйі, жыры. Егер осы атадан балаға мұра болып қалған құнды дүниелер келесі ұрпақта жалғасын таппаса, бұл да ұлттық қасиемізді ұмытуға жол бастайтыны белгілі. Мен айтар едім, осындай маңызды, бастамалы шаралар мен үшін, менің халқым үшін өте қымбат. Себебі, мынандай заманда ұлттық қасиетермізді көзіміздің қарашығындай сақтап қалудың өзі – ерлік емес пе?! Мүмкін, бұл кеште бір үлкен«Қаз Мұнайгаз» немесе үлкен компаниялар демеуші болап жатқан жоқ шығар! «Азия даусы» сияқты айқайлатып жатқан жоқ шығар, әлемдік байқаулар сияқты миллондаған бір ақшалар төгіліп жатпаған болар, декарациясы кем шығар, билеттерінің бағасы тым арзан шығар, басқа эстрада жұлдыздары сияқты дабыра қағып жатқан жоқ болар, мейлі сахнасы да қарапайым, жұпыны болсын, алайда бұл кеш өнердің жас жанашырларының жүрек қалауымен болып, орындалып жатқан қазақи кеш! Мән-мағынасы, төркіні тереңде жатыр ғой, шіркін! Өнердің жас жанашырларын ертіп, неге маған елдің өткенін жаңғыртпасқа?! Айта кетейін, қашанда «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ ақынын, әншісін, күйшісін құрметтеген. Төрін ұсынған! Дәстүрлі дүниесін көзінің қарашығындай сақтаған қазақ үшін бұл бір ұлттық өнердің жөні бөлек, бұл елдігімізге негіз болған дүниелер деп білгендіктен де, бүгінгі кешке жолымыз түсіп келіп, ел алдында өнер көрсетіп отырған жағдайымыз бар. Ұлттық нақышы, ұлттық салт-санасы жоқ жерде ұлтқа нұқсан келетінін айтып өткім келіп отыр. Ал Оңтүстікке тоқталар болсам, биыл 80 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтауға мүмкіндігім туып отыр. Осыдан біраз жыл бұрын әзіл-сықақ театрлары болса керек, намысқа тиетін жағдайлар болған кезде мен позициямды айқын білдіріп, қатты кеткен едім.Ол немене деп отырсаңыздар, ол – көпшілікті күлдіремін деп ұлттың бір намысына тиетін дүниелер орын алды, «Ойын білмеген бала, бір нәрсені шұқып ойнайды» деген сияқты, Шымкентке байланысты жаман ойлар, бей пікірлер айтылды ғой. «Шымкенттіктер анандай, мынандай», «Шардараның балығы болып қалыпты», одан да сорақы сөздер көбейіп кетті. Соның түбіне үңілсек, Советтің кезінде арнайы институтттар жұмыс істеген, ұлттың мәйегін сақтаған жерде отарлаушылық бірін-бірі жақсы көргізбеу керек. Бірін-біріне айдап салады. Бөлде биле дейді ғой, сол бөліп билеу үшін ең шұрайлы деген, қазақтың тарихы мол өлкесіне ауызсалып жаман етіп көрсету арнайы жүрген отаршылдық саясаттың жемісі, нәтижесі болатұғын. Сөйтеді де Шымкентті, жалпы Оңтүстікті өзге өңірлерге қарағанда жамандау, сорақы етіп көрсетіп, анандай, мынандай, алаяқ, жаман деген сияқты бейпікірлердің жүруі – бұл бір ұлтты қолдан жару деген сөз! Ал бұған бейтарап қарап қалу – азаматтың азаматтығын білдірмейтін дүние. Сол кезде қарап отырсаңыз, мына Шәкәрімнің сөзі бар 1723 жылы «Қазақтың Қара тауда болғаны анық», «Қаратаудың басынан көш келеді» деген қаралы көш қай жерде жүр десеңіз, Қаратауда, Қаратау қайда, Созақта! Түркістан, Созақ, Сайрам – тұнып тұрған тарих. Былайша айтқанда, қазақтың ең қастерлі жері – Түркістан болса, вальс падишаһының туған жері – Шәуілдірде туса, немене Бекзат мен Мұхтарханның әкелген медальдері жақсы да, туған жерлері жаман болыпты деген дүниелер не үшін айтылды. Себебі, қазақтың ең бір шұрайлы, ең бір қасиетті, қазақы жерді жамандау арқылы – ұлттың бетіне көлеңке түсіруді көздеп, арнайы жасалған дер едім. Сол арнайы тұзаққа қазақтың түсіп қалып, бірін-бірі жек көріп жатуы – бұл ұлтқа келетін үлкен нұқсан! Мұндағы айтпағым не?! Мұндағы айтпағым, Оңтүстік – қазақтың айнасы! Бүгін 80 жылдық тарихы бар қасиетті өңірге келіп, халықпен қауышып отырмын! Көкте Алла тұрғанда Оңтүстік жасай берсін! Қазақстанымыз гүлдене берсін! Ұлттық өнеріміз дамып, еліміздің ертеңі жарқын болғай!» 

Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғыртып жүрген «Жәдігер» тобы алдағы күндері гастрөлдік сапармен еліміздің өзге де өңірлеріне сапар шегетін болады.