Қара уылдырық жейтін болдық

Оңтүстік Қазақстан облысында бекіре өсіріліп, жылына 60 тонна балық, 1 тоннадай қара уылдырық өндірмекші
Оңтүстік Қазақстан облысында бекіре өсіріліп, жылына 60 тонна балық, 1 тоннадай қара уылдырық өндірмекші

Түлкібас ауданының шаруалары қызыл балықтың уылдырығын нарыққа шығармақ. Бұл бастама Шымкентте өткен «Халықаралық аквафорумда» үлгі ретінде көрсетілді.

Қазақстанда қызыл балық пен қара уылдырықтың отаны деп Атырауды айтамыз. Енді бұл ұғым өзгеретін болады. Оңтүстік Қазақстан облысында бекіре өсіріліп, жылына 60 тонна балық, 1 тоннадай қара уылдырық өндірмекші. Ол үшін Түлкібастағы балық зауытының тұқымбағына қызыл балықтың 1500 шабағын жіберген.

ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың айтуынша, осындай тауарлы балық біріншіден бағаға әсер ететін болады. Яғни баға тұтынушыға өте қолайлы болмақ. Екіншіден өнімімізбен нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіншілігіміз пайда болады және бұл өнім таза экспорттық өнім болмақ.

Бұл үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба екенін айта кету керек. Жеңсік ас саналатын қызыл балық теңізге қарағанда бар жағдайы жасалған шаруашылықтарда тез өседі екен. Оның арнайы жасалатын жеміне субсидия қарастырылған. Көбейген кезде оларды табиғи ортаға жіберу жобасы да бар.

Балық зауытының директоры Ермұрат Қаралтаев өскен, үлкен балықтарды өзен, көлдерге жібермек ойымыз бар, – дейді. Сонда ол өздігінен өсіп, көбейеді екен.

Ал Сайрам ауданының шаруалары форель өсірумен айналысуда. Ұзындығы – 20, ал ені – 10 метр болатын 6 бассейнге 90 мыңға тарта шабақ жіберілген. Осы тәжірибелер аквафорумда кеңінен ортаға салынды. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы балық өсіруден елімізде алдыңғы қатарда болатын. Енді облыстың балық өндірісін өрге сүйрегісі келетіндер сол межеге қайта көтерілеміз деген сенімде отыр.