Көпбалалы Култышева көктемге дейін далада қалмайтын болды

234
Балалардың құқығын қорғау департаментінің бастығы Ғалия Жүсіпова бұл жолы да құр келмеді
Көпбалалы отбасының уақытша жалға алған үйі

Көпбалалы ана Татьяна Култышеваға көмек көрсетіліп жатыр. Күні кеше ғана ол бала-шағасымен бірге жылы үйге көшті. Жалғызбасты ана көктемге дейін үйді жалға алып беріп, ақшасы мен коммуналдық қызметін төлеп кеткен жомарт жанның аты-жөнін де білмейді. Содан бері жаны тыныш, балаларының қарны тоқ, көйлектері көк.  Дегенмен, алғысын жаудырып жатыр.

Татьяна Култышева, көпбалалы ана: «Үлкен рахмет. Қуанып жатырмыз. Балаларым жылы үйге келіп, жадырап қалды. Жаурамай сабақтарын оқып, мектепке барып келеді. Олардың күлгені менің жаныма жұбаныш ұялатты».

Жалғызбасты ананың отбасын өз қадағалауына алған облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің өкілдері мұнда жиі келеді. Бүгін де балаларға азық-түлік ала келді.

Балалардың құқығын қорғау департаментінің бастығы Ғалия Жүсіпова бұл жолы да құр келмеді

Ғалия Жүсіпова, балалардың құқығын қорғау департаментінің бастығы:»Біз үй алып бере алмаймыз, бірақ балалардың саулығы мен білім алуы үшін қолдан келген көмекті аямаймыз. Оларға оқуға міндетті. Жуырда тіркеу мәселесі бітеді деп уәде берді жергілікті әкімдік. Яғни жаңа жылдан бастап, алты балаңызға да жәрдемақы алатын боласыз».

Татьянаның тұңғышы Марина 16 жаста. Отбасының ауыр жағдайын түсініп, жастайынан жұмыс істеген. Соңғы бір айдан бері мектепке қайта барып, 8-сыныпта оқып жатыр. Өздеріне көмек қолын созған үлкендерге алғысы шексіз.

Марина Култышева

Марина Култышева: «12 жасымнан бастап бетон тасыдым, ер жігіттермен бірдей жүк көтердім. Бауырларымды аш қалдырмау үшін сабақты да тастадым. Бірақ ешкімге айтқан емеспін, жолдан тайған да жоқпын. Адал жолмен аз да болса ақша тауып, анама көмектестім. Енді азаматтар көмектесіп жатыр. Алғысым шексіз».

Жалғызбасты ананың балалары жарығы бар үйге келгелі теледидар көріп, қуанып жүр. Қаламыздың кәсіпкерлері бұл отбасына көктемде үй әпереміз деп уәде берді. Қиын кезде қол созған жомарт жандардың амандығын тілейген ана барлығын желтоқсанның 28-іне – қыздарының туған күніне шақырып, шығарып салды.

 

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=qlsFKSv49hE[/youtube]