Төтенше жағдай мамандары алыс жолға шықпауды ескертеді

Көлікпен жолда қалып кетсеңіз
Көлікпен жолда қалып кетсеңіз
Көлікпен жолда қалып кетсеңіз

Толассыз жауған қардың салдарынан бейсенбі күні кешке облыстағы жолдарды жабуға тура келді. Сөйтіп қалааралық жолдарда көлік қозғалысына жұманың түс мезгіліне дейін шектеу қойылды. Бірақ жол ашылғанымен автобустар асулардан аса алмай тұрып қалды. Оған ақтүтек боран да, жол да себеп емес. Қыс шанасын жазда сайламаған кейбір көлік иелері жазғы доңғалақпен алыс жолға шығып кетіпті. Салдарынан біраз темір тұлпар жолда қаңтарылып қалды.

Жолдарды тазалап, құм себу жұмыстарына техника түннен жұмылдырылды. Кешеден жапалақтап жауып басталған қар әлі толастамай тұр. Ауа-райының қолайсыздығы қозғалысқа қауіп төндірген. Салдарынан Шақпақ баба асуында түннен жолдар жабылды. Бірақ бүгін ашылды. Ал Бәйдібек ауданындағы ақтүтек боран мен қардың қалыңдығына байланысты бағытқа қозғалыс тоқтатылды. Жолдарды тазалауға 25 техника жұмылдырылды.

Алайда ТЖ мамандары қаңтар айындағы ауа-райы қалыпқа келгенше алыс жолға шықпауды ескертеді. Әсіресе жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын автобустардың бағытқа бет алмағаны дұрыс. Жолдар тазаланып, асу ашылды дегенімен табиғаттың табан астынан тосын мінез танытуы ғажап емес. Салдарынан шыңылтыр аязда адамдардың айдалада қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде жолда ондаған жүк көліктер тұр.

Жолдардың жабылуы туралы мамандар ғаламтор, телеарналар арқылы ақпарат таратып отырады. Дегенмен жеке жолаушылар тасымалдаушылардың кейбірі ескертуді ескермейтін көрінеді. Құлағдандыруға құлақ аспаймын деп қар құрсауында қалып қоймаңыз.