Өзендер қоқыстан қашан тазарады?

Мұхит Отаршиев

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жұмысты әлі де болса ширата түсу керек. Басқарма бастығы Мұхит Отаршиевтің баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов осылай деді. Қоршаған ортаны қорғау мамандары өткен жылы бірқатар қателіктер жіберген.

Мұхит Отаршиев
Мұхит Отаршиев

Әуелде еткен еңбегін тізбектей бастаған Мұхит Отаршиевті облыс басшысы сауалдармен біраз титықтатты. Одан кейін мінберге көтерілген қоршаған ортаны қорғау мекемесі бастықтары да «емтиханнан» сүрініп жатты. Атап айтқанда, экологиялық реттеу және бақылау комитетінің ОҚО бойынша департаменті, облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инс-пекциясы мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшылары жіберілген қателіктерді жасырған жоқ. Саладағы негізгі қордаланған мәселелердің бірегейі – ол тұрмыстық қатты қалдықтардың көбейіп жатқандығы. Жыл сайын қалдықтар 2000-3000 тоннаға дейін ұлғайып келеді. Ыбырсыған қоқыстарды жоятын полигондар дәрменсіз күйде.

Облыс басшысы осы мәселеге қатты шүйлікті. Сонымен бірге қаламыздың ауасы да мәз емес көрінеді. Автокөліктерден шығатын улы газдардың мөлшері ойлантарлық. экологиялық реттеу және бақылау комитетінің ОҚО бойынша департаменті бастығы Берік Мейірбековтың айтуынша, Шымкент елдегі ауасы лас қалалардың көшбасына жайғасқан. Ауаны тазартатын қондырғы бекеттердің аздығы да ұмыт қалған жоқ. «Бүгінде 4 қондырғы жұмыс істеп тұрса да, әлі 10-ын сатып алуымыз керек. Бәріңізге белгілі, қаладағы қорғасын мен фосфор зауыты қалдықтарыныі мәселесі үнемі айтылып жүр. Бірақ нәтиже көзге көрінер емес. Осы мәселені қайтіп түбегейлі шешеміз?» деген облыс басшысының сауалына сала мамандары мардымды жауап қайтармады. Бәрінің айтар уәжі бір. Яғни көптен бері айтылып жүрген инвесторларды тарту мәселесі тағы қозғалды.

Сондай-ақ Асқар Исабекұлы Шымкентті көгалдандыру мақсатында қолға алынған «Жасыл аймақ» бағдарламасының жұмысына көңілі толмайтындығын ашып айтты. Бұл да жыл сайын қайталанатын «ескі әуен». «Мен өзім бақыламасам жұмыстарың жүрмейді. Маңызды бастамада қарқынды жұмыс жоқ»,–деді облыс әкімі басқарма бастығына қарата. Соңына қарай, сала басшылары айтылған мәселелердің түйіні тарқатылатынына сендіріп бақты.

Тағабай ҚАСЫМ

Асқар Мырзахметов, ОҚО әкімі
Асқар Мырзахметов, ОҚО әкімі

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, облыс әкімі

– Қай жерде болмасын өзен-көлдер қоқысқа толы. Босаған баклашкалардан тазарар емес. Бұл қаланың да, даланың да басындағы жағдай. Бәріміз осыны тазалауға ұмтылайық. Жиі-жиі сенбілік өткізейік. Одан кейін өзен-көлдердің жағасында қоқыс тастайтын орындар жоқ. Осыны тезірек шешу керек. Қоғамдық орындардың тазалығын да қадағалауға мән беріңіздер.