Полицейлер үш жылға дейін бас бостандығынан айырылды

231
ОҚО сотының аппеляциялық алқа мәжілісінде полицейлер ақталмады
ОҚО сотының аппеляциялық алқа мәжілісінде полицейлер ақталмады
ОҚО сотының аппеляциялық алқа мәжілісінде полицейлер ақталмады

 

Шымкентте тағы да полицейлердің заңсыз әрекеті дәлелденді. Бүгін облыстық сотта 3 тәртіп сақшысы, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олар Сарыағаш ауданы тұрғынына әлімжеттік көрсетіп, қылмысты мойындатпақ болған. Бұған дейін бұл дерек бойынша іс аудандық сотта қаралғанымен полицейлер аппеляцияға берген екен. Ақталып шығамыз десе керек, бірақ олай болмады. Үшеуі де күдіктіні қыспаққа алғаны үшін сотталып кетті.

Бас бостандығынан айырылған 3 бірдей тәртіп сақшысын қорғаушылар шыр-пыр боп қорғамақ болды. Бірақ, түк шықпады. Погон таққан үшеу өткен жылдың мамыр айында мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен Нұрсұлтан Асқаровты құрықтайды. Сөйтеді де қылмысты мойындайсың деп қол жұмсайды.

Нұрсұлтан Асқаров, жәбірленуші: «Қорғаушылардың бар жауаптарына Сарыағаш аудандық сотында жауап беріп қойғанмын. Керек десе дәлелдер де бар. Сол сот залынан түсірілген бейнетаспа да болуы керек.  Таяқ жегенім өтірік емес. Ұрғаны рас… Аудандық сот шешімімен әділдік орнады деп ойлаймын».

Қылмысты тергеп емес, ұрып мойындатпақ болған полицейлер ақталып шығамыз деген оймен облыстық сотқа шағымданған екен. Бірақ, қызметін асыра пайдаланғаны үшін айыпталған оларды ақтауға негіз жоқ дейді прокурор.

Сөйтіп тараптардың барлығын тыңдап шыққан облыстық соттың судьясы аппеляциялық алқа шешімін жария етті. Тәртіп бұзған полицейлер темір тордан босамайтын боп кесілді.

Таубай Қыдырбаев, облыстық соттың судьясы: «ҚР Қылмыстық кодексінің 4\11 бабының  1 бөлімін басшылыққа алып  Сарыағаш аудандық сотының  айыпталушылар Тұрманов, Қайсарбеков, Жораевқа қатысты 2012 жылдың 26 ақпанында шығарылған үкімі өзгертусіз қалдырылды.  Сотта келтірілген дәйектер дәлелді деп табылды».

Енді күдіктіні қорлаған полицейлердің үшеуі де сотты болды. Әр қайсысы бір жылдан үш жылға дейін темір торға қамалатын болды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=EeGeiEBEw_k[/youtube]