Шығыс Қазақстан жастарды жұмысқа шақырады

491
Жұмыссыздарға жұмыс табылды

Қаламызда «еңбек биржасын» жағалап жүрген жұмыссыз жастар жетерлік. Жағдайларымен  жақынырақ танысу үшін аталған орынға арнайы бардық. Бейнекамераны көріп тайсақтаған олар мұнда жұмыс іздеп тұрғандарына ұялатындарын жеткізді.

26 жасар Нұрқанат Тәжібаев 5 жылдан бері осында нәпақасын тауып жүргенін айтады. «Қалтамда дипломым бар, бірақ жұмыс сұрап қайда барсам да ақша сұрады», дейді ол.

Нұрқанат Тәжібаев жұмыс тапай сандалдым, амалсыз осында жұмыс іздеуіме тура келді дейді

Нұрқанат Тәжібаев жұмыс іздеп тапай сандалдым, амалсыз осында жұмыс іздеуіме тура келді дейді

 

 

Нұрқанат Тәжібаев: «Үйдің бүкіл жұмысын жасаймыз, ішіндегі жөндеу жұмыстары деген сияқты. Еден салу, «обой», «кафель», сырлау керек болса оны да жасаймыз… Жалпы айтқанда жұмыс таңдамаймыз. Күніне 5-6 мың теңге, түк жоқ дегеннің өзінде 2 мың теңге табамыз. Клиент болмай қалатын кездер де көп. Бірақ бұған да үйреніп қалдық, амал жоқ қой енді… Менің де тұрақты жұмыс істегім келеді. Ол үшін қалтаң қалың болуы керек екендігіне көзім жетті. Көп мекемелерге барып, жұмыс іздедім. Бірақ, барлығы да ақша дәметті, өзім ақша таппай жүргенде оларға қайдан тауып беремін. Күдерімді үздім. Ия, бізге де басқа қалалардан жұмыс бойынша ұсыныспен осында келетіндер бар. Бірақ ол жаққа барудан да қорқасың, себебі алдап кетеді, келісім-шартқа қол қойдырып алады да, келісілген айлығыңды бермейді. Неше түрлі жағдайларды естіп-көріп жүрміз. Одан да тыныш құлақ дейміз де жүре береміз, әйтеуір. Басқа амалымыз да жоқ қой, алған дипломымның жемісін көрмедім әлі».

Ал Оңтүстікте жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 2666 жас жұмыс сұрап, кезекке тіркеліпті. Бүгінде оның 420-сы ғана “Жастар практикасы” бойынша 26 мың жалақыға ілініп, жұмыс жасап жүр.

Жадыра Дәуренбеков, қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім бастығы: «Өткен жылы жастардың алғашқы тәжірибесінен өту үшін 406 мекемеден 4 мыңға жуық орынға сұраныс түскен. Ал биыл 2100 жас маман жастар практикасымен қамтылады деп отырмыз. Олар үшін 129 мекемеден 2005 орынға сұраныс бар, жоспарда».

Алайда, қоғам назарынан тыс қалған жастардың жағдайы не болмақ.  Бұл орайда, «жастар орталығы» басшылығы осы замандастарымызға мол мүмкіндікті арнайы барып түсіндіруі қажет-ақ.

«Шығыс Қазақстанға жол». Замандастарымыз осы бағдарлама бойынша құжаттарын тапсырып жүр. Құжат қабылдау жұмысы қаламыздағы «Жастар орталығы» ғимаратында жалғасуда. Бір қызығы шығысқазақстандықтар жерлестерімізді дипломсыз да қабылдай беретіндерін айтып отыр екен.

Ұлтусын Омарова Шығыс Қазақстанға барып, біліктілігімді арттырамын дейді
Ұлтусын Омарова Шығыс Қазақстанға барып, біліктілігімді арттырамын дейді

Ұлтусын Омарова, жас маман: «Мен ветеринарлық медицина мамандығының иесімін. Алла бұйыртса, Шығыс Қазақстан облысы сұранысы бойынша сол жаққа барып, жұмыс істеп, біліктілігімді арттыру үшін ниет білдіріп отырмын. Себебі, қазіргі күні жас мамандарды тәжірибесіз ешқандай жерге жұмысқа алмайды. Сондықтан, сонда барып, өзімнің тәжірибемді жалғастырып, біліктілігімді арттырғым келіп отыр. Әрі онда үй мәселесі жөнінен, жалақы жағынан бар жағдайды қарастырып отыр. Бұл мен үшін өте тиімді деп білемін. Ең бастысы Оңтүстікте оқыған білімімді сонда көрсеткім келеді».

Дамир Жүнісов, «Жастар орталығы» МКМ директорының орынбасары: «Жасыратыны жоқ, бүгінде қазақтың балдары «креслоға» отыруды көздейді. Қарапайым жұмысқа тартылатындары аз. Бірақ, қоғам сұранысына ие мамандықтарды игергені дұрыс қой. Өкініштісі сол қазіргі қоғамда жұмыссыз замандастарымыз жетіп артылады. Сондықтан Шығыс Қазақстанға жол жүру, біздің жастарға, дәлірек айтсақ жұмыссыз жастарға, жас мамандарға таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Сонымен қоса, еліміздегі жастардың еңбек миграциясы бүгін басталған дүние емес. Ең басты мақсат жас мамандарды еңбек етуге баулу, масылдықтан арылту, еңбек нарығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінің оңтайлы шешу жолдарына үлес қосу болып табылады. Бұл бастама неге Оңтүстік Қазақстан облысынан басталады деген заңды сұрақ туындайды?! Өйткені Оңтүстіктің жастары белсенді, кез келген жағдайға тез бейімделу қабілеті жоғары, кәсіпкерлікке жақын және ең бастысы білімді ізденімпаз, жан-жақты болып келеді. Ал «еңбек биржасында» жұмыс іздеп тұрған жастарға келетін болсам, біз міндетті түрде сонда барып, жұмыс ұсынатын боламыз».

Дәл қазіргі уақытта Елбасының «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы аясында 2 апта ішінде шұғыл Шығыс Қазақстанға зоотехник-селекционер (1 бірлік), инженер-құрылысшы (1 бірлік), агроном-селекционер (2 бірлік), ет өнімдерінің технологы (3 бірлік), бас энергетик (1 бірлік), тоңазытқыш құрылғылары ісінің инженері (1 бірлік), ауыл шаруашылығы бойынша экономист (1 бірлік), су құбырларының инженер механигі (1 бірлік), бухгалтер (1 бірлік) мамандықтары бойынша жас мамандарға сұраныс түскен.

Ал биыл Өскемен қаласында индустрияландыру аясында жұмыс жасайтын, Қазақстандағы ең ірі «Өскемен құс» фабрикасында жұмыс істеуге 120 жас маманға, «Зайсан» платинасының құрылысына 2013-2015 жылдары аралығында 2000-нан астам жас маманға сұраныс келіпті. Шарт бойынша жұмысқа барған жастарға жаңа үй беріледі, жалақысы біліктілігіне сәйкес 50 -150 мың теңге көлемінде қарастырылған.