Шөберелеріне құрақ көрпе тігетін апа

Гүлшат апаның жұмыс сәті

Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында Гүлшат Мүтәлиеваны танымайтын жан жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген қарттар оны қолынан бал тамған шебер ретінде жақсы біледі. Өйткені, Гүлшат апаның күнұзақ ермегі де, еңбегі де құрақ көрпеше, тақия, шапан, қоржын тігу, алаша мен жамылғы тоқу. Қыздары мен немерелері, оған қос ауылдың ұзатылатын қыздарының төсек орны мен жасауы шебер апаның қолымен жасалады екен.

Гүлшат апаның жұмыс сәті
Гүлшат апаның жұмыс сәті

Осылайша бір әулеттің емес, ауылдың құрметіне бөленіп жүрген әже құрақ көрпенің түр түрін өзі ойластырады екен. Қыз  кезінен бастаған бұл өнерін ол бүгінде келіндері мен немерелеріне үйретуде. Көзім тірі кезде үйреніп, ісімді ары қарай жалғастырса екен дейді. Қуантарлығы, апаның күйі қуатты, қимылы ширақ,  көзі де жақсы көреді.

Гүлшат апа келіні мен немерелерінің ортасында
Гүлшат апа келіні мен немерелерінің ортасында

«Егер шындап кіріссем, үш күнде бір құрақ көрпешені тігіп бітіремін. Көзім жақсы көреді, инені сабақтай аламын. Әрине, жас кезімдегідей емес, сондықтан кейде немерелерім жіпті инеден өткізіп береді. Өзімнің екі қызыммен қоса он немеремді көрпе-төсегін тіктім. Енді шөберелеріе жасап жатырмын»,- дейді Гүлшат апа.

Гүлшат апа немересіне шапан тігіп беруде
Гүлшат апа немересіне шапан тігіп беруде

Соғыс уағында небір қиыншылықты, аштық пен жалаңаштықты бастан өткерген апа екі қолды бос қойып, қарап отырмай, бала шағасына жылы киімді тігіп берген екен. Ал бүгінгі бейбіт заманда сәнді , түрлі маталарды қолдана отырып, мақтадан шапан тігіп, шөберелерін  қуантуда. Оған қоса көкпар шабатын атқа сән үшін үстіне жабылатын кежін мен ат қоржынды да апа ұлдарына естелікке тоқып беріпті.

Гүлшат апаның жүк болып жиылған көрпешелері
Гүлшат апаның жүк болып жиылған көрпешелері

Он екі құрсақ көтерген Гүлшат апа бүгінде сегіз келін түсіріп, екі қызын ұясына қондырған әже. Екі ұлын ауған соғысына аттандырып, аман оралған балаларын бауырына басқан бақытты ана. Бүгінде елінің тыныштығы мен  халқының тоқшылығын, немерелері мен шөберелерінің амандығын,  шаңырағының береке- бірлікте ғұмыр кешуін тілеп отырған ақ жаулықты ана.

Айтпақшы биыл апа сексеннің сеңгіріне шығыпты. Шебер қолдарымен ұлттық өнерді насихаттап, бір ауылдың  анасына айнаған анаға ғұмырыңыз ұзақ, өнеріңіз мәңгі болсын дейміз.