Төлебидегі толымды тірліктер

Төлеби ауданына 72 мектеп, 4 мектептен тыс мекеме, 24 балабақша жұмыс істейді

Таяуда Төлеби ауданына сапарлап қайттық. Мақсатымыз – ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, халықтың жағдайын көзбен көріп қайту болатын. Басшылардың ел алдына шығып жалпылама бере салатын есептеріндегі айтқандары расында да шындыққа сәйкесе ме жоқ әлде жақсы көрініп қалу үшін әдемі бояуларды аямай жағып, сансыз есептерді санамай айта салады ма деген сауал талайдан бері көкейде жүретін. Сапар барысында көңілдегі сол бір күдіктер сейілгендей болды. Әкім-қаралар айтатындай «орындалған істер көп, атқарылуға тиісті шаралар да баршылық» екен. Сонымен Төлеби ауданының қазіргі хал ахуалы қандай деген сауалға біздің тапқан жауабымызды оқып көріңіз.

Төлеби ауданына 72 мектеп, 4 мектептен тыс мекеме, 24 балабақша жұмыс істейді
Төлеби ауданына 72 мектеп, 4 мектептен тыс мекеме, 24 балабақша жұмыс істейді

Негізі 1932 жылы қаланған Төлеби ауданы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер көлемі ең кішкентай ауданның бірі. Дегенмен халық саны айтарлықтай көп. Соңғы санақ бойынша таулы ауданның территориясында 133 мыңға жуық халық тұрады екен. Бар-жоғы 61 елдімекен мен аудан орталығы Леңгір қаласында әртүрлі ұлт өкілдері берекелі де баянды тіршілік кешуде.

Аудан болып құрылған сол бір кеңестік тұстан бері Төлеби ауданы облыстағы өнеркәсібі мен индустриясы, жеңіл өнеркәсібі қарқынды дамыған аймақтың бірі болып келді. Бірақ экономиканы тоқырауға ұшыратқан 90-шы жылдардағы дағдарыс бұл аймақты да айналып өткен жоқ. Жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келген бірнеше стратегиялық маңызды өнеркәсіп орындары жабылып қалған-ды. Халықтың да дегбірі қашты. Несін жасырайық, нан тауып жеудің өзі қиын болатын.

Өнеркәсібі аяққа тұруда

Уақыт шіркін бір орында тұрмайды екен. Мемлекеттің тиімді экономикалық саясат жүргізуі мен бүкіл халықтың бір атаның балаларындай тынымсыз еңбектенуінің арқасында жоғалтқанымыз табылып, тұралап қалған салаларға жан біте бастады. Бүгінде Төлеби ауданы ОҚО-дағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Мұнда өнеркәсіп орындары да егін салуға ыңғайлы жер де баршылық. Батысындағы жазықта және тау аңғарларында егіншілікке жарамды суармалы жерлер, жайылымдар, жеміс ағаштары кездеседі. Кен байлықтарынан қоңыр көмір, құрылыс материалдары өндіріледі. Нақтырақ айтсақ, ауданда ірілі-ұсақты 25 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 5-еуі тамақ өнеркәсібімен айналысып келеді. Облыс жұртшылығына ғана емес бүкіл елімізге танымал «Фудмастер», «Ақмаржан LTD», «Балмұздақ» ЖШС-лары солардың қатарында. Одан өзге машина мен құрал жабдықтар шығаратын «ЛМЗ» серіктестігі мен Битум зауыты төлебиліктердің мақтанышына айналған кәсіпорындар. Өткен жылы аудандағы аталмыш өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 822,4 млн теңгені құрапты. Осылайша нақты көлем индексі 107%-ды құраған.

Сондай-ақ, ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 6 877-ге жеткен көрінеді. Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалардың саны 554, жеке кәсіпкерлер 2 437 және шаруа қожалықтар 3 886-ға жеткен. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласында 13 094 адам жұмыс істеп жатыр. Аудан әкімінің аппарат басшысы Сейіт Бекмұрзаевтың айтуынша алдағы меже 1 000 жаңа жұмыс орнын ашу болса, жаңадан ашылған 35 заңды тұлға және 481 жеке кәсіпкерлікте 1 042 жаңа жұмыс орындары ашылыпты.

Ауыл шаруашылығында ілгерілеу бар

Төлеби ауданының ауыл шаруашылығы саласын сөз еткенде әсіресе осы саланы дамытуға мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиеден бастаған жөн секілді. Себебі мұнда микронесиелік ұйымдар арқылы кәсіпкерлерге төменгі пайызды қарыздар берілуде. Бүгінге дейін 1 877 жеке тұлғаларға 427,3 млн теңгенің несиесі беріліпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,4%-ға артық көрсеткіш. Сосын «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамытуға да қомақты несие үлестірілген. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығына ұсынылған 120 жобаның 89-ы мақұлданып, 85 жоба қаржыландырылған.

Бүгінге дейін 1 877 жеке тұлғаларға 427,3 млн теңгенің несиесі беріліпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,4%-ға артық көрсеткіш. Сосын «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамытуға да қомақты несие үлестірілген
Бүгінге дейін 1 877 жеке тұлғаларға 427,3 млн теңгенің несиесі беріліпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,4%-ға артық көрсеткіш. Сосын «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамытуға да қомақты несие үлестірілген

«Индустрияландыру картасына» көз жүгіртсек…

Өткен жылы Төлеби ауданының индустрияландыру картасына жалпы құны 1 564 млн теңгені құрайтын 4 жоба енгізілсе, соның 1-уі іске қосылған. Мәселен «Балмұздақ» ЖШС зауытының модернизациялау жобасын алайық. Бұған қажетті 220 млн теңгенің 100 млн «Альянс банк» қаржыландырса, қалғаны өз қаражаты есебінен жұмасалып, жоба 2012 жылдың маусым айында-ақ іске қосылыпты. Осының арқасында 20 адам жұмыспен қамтылған.

Ал «Леңгір қыш» ЖШС күйдірілген қыш шығаратын зауыт құрылысын салып жатыр. Жоба құны 97 млн теңгені құраған. Қосымша 20 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Зауыт толық іске кіріскенде тәулігіне 10 мың күйдірілген қыш шығарлады деген жоспар бар. Әзірге жер телімі шешіліп қойыпты. Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба 2013 жылдың тамыз айына дейін іске қосылады деп күтілуде.

«Мөлдір тау бұлағы» ЖШС Алатау ауылдық округінде тауарлы сүт фермасын салу және жеміс шырын мен су шығаратын цех құрылыстары бойынша құжаттар әзірленіп, құрылыс жұмыстарын бастап та қойыпты. Жалпы жоба құны 797 млн теңгені құрап, 70 адамды жұмыстпен қамтымақ. Жоба толығымен келесі жылдың күзінде іске қосылады дейді сала басшылары. Биылға ұсынылған жобалардың ішінде «Жер сыйы» ЖШС 40 га жер теліміне тамшылатып суғару әдісін қолдана отырып бау және жүзімдік отырғызып, 5 мың тонналық қойма салу жобасына электр желісін, ағын су құбырын жеткізбек.

Ауыз су мәселесі – басты назарда

Ауыз су мәселесі еліміздің барлық аймақтарындағы басты мәселе екендігі белгілі. Олай болатындай жөні бар. Бүгінгі таңда Төлеби ауданындағы 62 елдімекеннің 57-сі су құбырымен қамтылыпты. Оның ішінде 24 сағат ауыз сумен қамтылған 45 елдімекен болса, 9 елдімекенге, 12-18 сағат, 9 елдімекенге 8 сағат бойы таза су беріледі. Аудандық ТҮКШ бөлімінің бастығы П.Төребеков ауыз су беру барысында көптеген қиындықтардың бар екендігін де жасырмады.

Мәселен су құбырларының ескіруі, кейбір елдімекендерде су жинағыштардың болмауы халыққа таза ауыз су жеткізу барысында қиындықтар туғызып отырған көрінеді. Мекеме басшысы кейбір ауылдың ауыз су торабы мен ауыз су жүйелері қайта құруды қажет ететіндігін айтты. Сондай-ақ, Жаңакүш, Ақайдар, Тағайна елдімекендерінде ауыз су құбырлары мүлдем жоқ болғандықтан сумен қамтамасыз ету жұмысы биыл жүзеге асырылмақшы.

«Балмұздақ» ЖШС зауытының модернизациялау жобасын алайық. Бұған қажетті 220 млн теңгенің 100 млн «Альянс банк» қаржыландырса, қалғаны өз қаражаты есебінен жұмасалып, жоба 2012 жылдың маусым айында-ақ іске қосылыпты.
«Балмұздақ» ЖШС зауытының модернизациялау жобасын алайық. Бұған қажетті 220 млн теңгенің 100 млн «Альянс банк» қаржыландырса, қалғаны өз қаражаты есебінен жұмасалып, жоба 2012 жылдың маусым айында-ақ іске қосылыпты.

Жұмыссыздық жойыла бастады

Жұмыссыздық қай қоғамның болмасын бас-ты бас ауруы. Бүгінде әлемнің көптеген елдері экономикалық дағдарысты басынан кешіріп жатқанын күніге естіп біліп жүрміз. Десек те бұл біздің елге анау айтқандай әсер етіп отырған жоқ. Оған өз кезегінде Елбасының бастамасымен жасалған әртүрлі бағдарламалар да септігін тигізіп жатыр. Осылайша жұмыссыздық мәселесі еліміздің әр өңірінде тиімді шешімін тауып жатқан жайы бар.

Төлеби ауданында да бұл мәселе ақырындап жолға қойылып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанының куәсі болдық. Аудандық жұмыспен қамту орталығының берген мәліметі бойынша «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында қатысушылардың саны 1026 болады деп жоспарланыпты. Аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде кәсіптік оқытумен 180 адам қамтылып, қайта даярлауға 85, біліктілігін арттыруға 5 азамат жіберілмек. Ал, «Жас-тар практикасына» жоспарланған 150 азаматтың бүгінгі күнге 38-і 26 мекемеде тағылымдамадан өтіп жатыр. Сондай-ақ, таяуда 85 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Инженерлік – көлік инфрақұрылымы бойынша орташа және ағымдағы жөндеу бағытында 9 жоба жоспарланып, онда 40 жаңа жұмыс орындары ашылады дейді орталық директоры С.Мәмбетқұлов. Тағы бір айта кетерлігі аудандағы елдімекендерді абаттандыру бойынша 4 жобаға қаржы бөлініпті. Осылайша 47 адам жұмыспен қамтылған.

Туризмді дамытуға қолайлы аймақ

Төлеби ауданы Қазақстандағы ең бір әсем, шырайлы жердің бірі. Әлемге әйгілі Ақсу-Жабағылы қорығының 100 мың гектарға жуық бөлігі осы ауданның аумағында. Табиғаты шұрайлы, ауасы мен суы шипалы ауданда туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар. Бірінші кезекте келушілердің қызығушылығын туғызатын «Алатау» тау шаңғы базасы, «Біркөлік», «Тау самалы», «Айна бұлақ», «Нұрлы аймақ», «Жер ұйық», «Ақ мешіт», «Eko Villaige Kaskasu» т.б. демалыс аймақтары ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына жол ашатын басты структура болып отыр. Сондай-ақ, аудан бюджетіне қомақты қаржы түсіретін негізі сала. Мұнда туризмді жан-жақты дамытуға мол мүмкіндік бар екенін айта кету керек. Онымен қоса ауданда 30-дан аса тарихи-археологиялық нысандар бар. Онда сақ заманының қорғандары, орта ғасырлық қалашықтардың орындары және аты аңызға айналған «Жылақ ата», «Ғайып Ерен, Қырық Шілтен», «Нұр ата» секілді көпшілік мінәжат ететін орындар бар.

Аудан аумағында тау шаңғысы туризмін дамыту мақсатында 2003 жылдан бері «Алатау» тау шаңғы базасы жұмыс істеуде. Жалпы туризм саласын дамыту мақсатында өткен жылы ауданда жалпы құны 2 млрд 141 млн теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылыпты. Сондай-ақ, Ақмешіт ауылынан бір уақытта 100 адамға қызмет көрсететін құны 600 млн теңгелік «Жерұйық» демалыс аймағының құрылысы аяқталып іске қосылған. Нысанбек ауылындағы «Тау самалы» демалыс аймағы жанынан қосымша 1 млрд 104 млн теңгелік 150 адамға арналған емдік-сауықтыру орталығының құрылсы қарқынды жүргізілуде.

Сала басшысы М.Тілеубердиевке жолыққанымызда басты мақсатымыздың бірі ауданда туристік кластерді дамытып, републикалық туристік бағдарламаға ену жолында жұмыстар істелініп жатқанын естідік. Ауданға келуші туристер жуық арада экологиялық таза қызмет түрі – «электричкамен» тау бөктеріне саяхаттауға мүмкіндік алады екен. Жалпы аудан басшылығы туризм саласын дамыту ісі жөнінен бірталай шаруаның басын қайыратындықтарын білдірді. Мақсатымыз жүзеге асса өңірге туристер тартудан алғашқы орынға шығамыз дейді олар.

Білімді балалар өсіп келеді

Біліммен қаруаланған адамның кез келген қиындыққа төтеп берері анық. Ол үшін бала кезден алған білімі, тәлім-тәрбиесі мол болуы шарт. Төлеби ауданының білім саласы соңғы он жылда жақсы көрсеткішке ұмтылып келеді. Мұнда 72 мектеп, 4 мектептен тыс мекеме, 24 балабақша жұмыс істейді. Мектептердегі оқушылардың саны 24606-ны құрайды. Биыл мектепті 1502 бала бітіргелі отыр дейді аудандық білім бөлімінің бастығы С.Ахтаев. ҰБТ-ға дайындық жоспарлы түрде өткізіліп, бүгінгі дейін 7 рет сынама тест өткізіліп, мұғалімдер арасында талдау жасалынып, ұсыныстар беріліпті. Өтініштерді қабылдау жұмыстары басталып кеткен. Қазіргі таңда 908 оқушы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіріпті.

Аудан оқушыларының білім деңгейі де көңіл қуантарлық. Облыстық білім олимпиадасына 33 оқушы қатысып, нәтижесінде облыста 7 бірдей орын иеленген. Республикалық олимпиадаға 4 оқушы қатысып, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алыпты.

Ауданда мектеп тапшылығы жоққа тән екенін байқадық. Жыл сайын пайдалануға беріліп жатқан мектептердің дені осы аймақта. Былтырдың өзінде-ақ аудандық бюджет есебінен 3 бірдей мектеп пайдалнуға беріліпті. Ауданда 3 ауысымдық мектептер түбегейлі жойылыпты. «Балапан» бағдарламасы да ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанының куәсі болдық. Былтырдың өзінде 6 балабақша іске қосылыпты.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Түйін: 

Жалпы, Төлеби ауданына барған сапарымызда халықтың тұрмыс-тіршілігі мен көңіл күйінің жақсы екеніне көзіміз жетіпті. Берекелі елдің еңбекқор азаматтары тынымсыз тірлік жасауда. Шаруалар көктемгі егістік науқанына кірісіп кетіпті. Биыл қуаңшылық болады дегенімен мол өнім аламыз деп білек сыбанып отыр. Билік басындағы ел ағалары болса халықтың кәсіппен айналысуына барынша қолдау көрсетіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп тірлік етуде.