Ақсукенттіктер ауызсуға жарымай отыр

Ақсукент, ауызсу

Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр. Жеке мекемеден су алатын ақсукенттіктер жаз басталса болды, тіршілік нәрінен тарығатын көрінеді. 3 жылдан бері дұрыстап шөлін қандырмаған бірнеше көшенің тұрғындары бүгін амалсыздан аудандық әкімдіктің алдына жиналды.

Тұрғындардың айтуынша, ауызсудың азабын Ақсукенттегі 10-нан аса көшенің тұрғындары тартып отыр
Тұрғындардың айтуынша, ауызсудың азабын Ақсукенттегі 10-нан аса көшенің тұрғындары тартып отыр

Тәліп атай тіршілік нәрінің қамымен жүр. Құдықтан су аға ма деген үміті оны тағы да алдады. Амал қанша, бөшкедегі тұрып қалған судың шәйін бүгін де ішуге тура келеді.

Тәліп Усманов, Хамза көшесінің тұрғыны: «Бұл проблема көптен бері болып жатыр. Бір күн сәл ақса, бір апта ақпайды. Водоканалдан алып шығамыз арбамен. Кішкене арбам бар. Сонымен барам. Қазір міне бөшкем бар. Суды содан алып жатырмын».

Құдығы бір күн ақса, апталап тамбайтын Ақсукенттегі «Хамза» және «Әл-Бұхари» көшелерінің тұрғындары аудандық әкімдіктің алдына жиналды. Шөлден қысылған қос көшенің тұрғындары ауызсудан тарыққан бар ауыртпашылықтарын жайып салды. Айтуларынша, түнгі 2-3-те су алу үшін ұйықтамай құдықтан тәршілік нәрін күтіп отырады екен. Көшенің жұрты бұл күндері шомылу дегенді қойса керек. Қалай шомыласыздар дегенде базынасын айтып қоя берді. Кір жуу машақатының жыры бір бөлек.

Ақсукенттіктерді ауызсумен қамтитын «Кәусар-бұлақ» мекемесі электр жарығы үшін 20 млн. теңге қарыз. Тұрғындардың уақытылы су ала алмауына басты себеп осы. Ал әкімдік тарап бұл ретте ешқандай да бір ықпал ете алмайтын болып шықты, әрине, түсіндіру жұмысынан басқа.

Талғат Керімбеков, Сайрам аудандық ТҮКШ бөлімінің бастығы: «Сумен қамтамасыз етуге 2 млрд. теңге қаражат сұралып, соның 1 млрд-ы келді. Бірақ құрылыстың уақыты 2 жыл. Құрылыс жұмыстары осы жылдың маусым айында басталады. Негізі құрылыстың біту уақыты 2014 жылдың қараша айында. Содан соң Ақсукентті 24 сағаттық сумен қамтуға қол жеткіземіз».

Сөйтіп, Сайрамның қақ орталығы бұл проблемадан 2015 жылы ғана құтылатын болып шықты. Ал оған дейін көрші ауылдан су тасығыңыз келмесе, немесе түннің жарымына дейін құдығыңызды аңдып отырғызы келемесе немесе түннің жарымына дейін құдықты аңдып отырғыңыз келмесе, су беруші мекемені сотқа беріңіз деген кеңес берді әкімдіктегілер. Сонда ғана мемлекеттік таза су жеткенге дейін сағаттап су алып, илалауға болады екен.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=4SKFNCPR650[/youtube]