«Даңқ» мемориалы кешені тазаланды

676
"Даңқ" мемориалында тазалық жұмысы жүрді

Қаламыздағы «Даңқ» мемориалында тазалық жұмысы жүрді. Арнайы шараның басы-қасында әдеттегідей жоғары және арнаулы оқу орны мен мектеп оқушыларынан құралған белсенділер. Бірі ҰОС соғысы ардагерлері құрметіне арналған тақташаларды сүртіп- тазалап жүрсе, екіншісі айналадағы гүлдерді суарып, ауқымы кең қоғамдық шараға үлесін қосуда. Солардың бірі 16 жасар Әлина Мансұрова. Ару шарапаты мол шара өзге де замандастарына үлгі болғанын қалайды.

Бірте-бірте тазалық шарасына ағылған жастар қатары арта бастады
Бірте-бірте тазалық шарасына ағылған жастар қатары арта бастады

Әлина Мансұрова, студент: «Аптасына бірнеше мәрте достарымызбен келіп тазалап тұрамыз. Қалай қыс мезгілі бітті, күн жылынысымен осы шара әдетке айналды. Мәселен, біз қыздар сыпырып, аталарымыздың есімі жазылған тақташалардың шаңын сүртеміз тазалап. Ал жігіттер бізге су тасып береді, айналады қоқыстарды тазалайды. Шөп-шалаңды жұлады дегендей. Жабылып жүріп жиыстырып, тазалап тастаймыз. Бір жағынан бұл біздің ҰОС ардагерлеріне деген құрметіміз болса, екінші жағынан парызымыз деп білеміз. Сонымен қоса, мынау саябақты немесе осы мемориал кешенін ластайтын замандастарыма айтарым ешқашан ерлікті ұмытпайық. Ата-апаларымыз қан майданда қан кешіп жүріп бізге жеңісті, азаттықты сыйлады ғой. Сол үшін құрмет көрсетейік, тазалыққа, құрмет көрсетуге шақырамын баршаңызды».
Таңертеңнен бастау алған тазалық шарасына ағылған жастолқын көп болды. Араға аз уақыт салып, қатары арта бастады, осылайша Өздерін «Мейірімді топ» деп таныстырған олар маңызды шаруға білек сыбана кірісті. Айтуларынша, «Таза қала» акциясы Шымқаланың бар саябағын қамтиды.

Ерлан Айтбаев, «Шымкент жастары» МКМ директоры: «Біз жастар ҰОС ардагерлері мен әрбір қазақстандық батырға құрмет көрсетуді парыз деп білгеніміз жөн деп ойлаймын. Себебі елдің болашағы үшін өз өмірлерін сарп еткен аптал азаматтар мен батырлар аз болған жоқ бізде. Олардың әрбір елі үшін жасаған ерлігі – бізге үлгі, аманат. Қазір ел көріп отыр ғой. Таңғы сағат 8-30-ден бері Шымкенттің белсенді жастары келіп «Даңқ» мемориалын тазалап жатыр. Қазір бірт-бірте жастар саны да артып жатыр. Тіпті мемориалға сыймай жатыр ғой. Айтайын дегенім, мұндай тазалық шаралары тек осы «Даңқ» мемориалында ғана емес, С.Рахымов ескерткішінде, «Жеңіс» саябағында, Ақпан батыр ескерткішінде, т.б аймақтарда жалғасады. Бұл шара тоқтап қалмайды, жоспарлы түрде іске асып отырады үздіксіз».

Іргесі 2010 жылы қаланған «Даңқ» мемориалының кешені ел өткенін өшірмейді. Ондағы қасқайып тұрған әрбір ескерткіш және ардагер есімдері талай тарихты еске түсіреді. Батыр ерлігінен сыр шертеді. Сол үшін жастолқынның осылай құрмет көрсетуі жарасып-ақ тұр.