Шымкенттегі Бозарықты су басты

685
Тұрғындар суды кешіп жүруге мәжбүр

Шымкентке іргелес жатқан Бозарық ауылын су басты. Бұл оқиға түскі сағат екіден кейін орын алған. Ауылдың жанынан ағатын арықтың суы арнасынан асып, үйлерге жайылады.

Тұрғындар суды кешіп жүруге мәжбүр
Тұрғындар суды кешіп жүруге мәжбүр

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл суды Сайрам ауданы жақтан біреулер жібере салыпты. Ал үйлердің дәл іргесіндегі арықтың 100 метрдей жері тазаланбаған күйі қалып қойған. Соың саалдарынан арындап келген су кедергіге тап болып, үйлердің ауларына жайылады. Оннан астам үйдің жертөлесін толтырып, іргетасынан асуға шақ қалады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=mZWti3c0KS0[/youtube]

Осылайша екі кештің арасында абдырап қалған халық ләж жоқтан қолына кетпенін алып, еркек кіндіктері судың алдын бөгеуге әрекет жасай бастайды. Ал қыз-келіншек біткен бала-шағаны алып, көрші-қолаңның үйін паналауға кетеді.

Бозарықтың тұрғыны Тойшы Құрбанбаев
Бозарықтың тұрғыны Тойшы Құрбанбаев

«Бала-шаға үйге кіре алмай қалды. Оның үстіне жарық та сөніп қалды, – деп ашынады жергілікті тұрғын Тойшы Құрбанбаев. – Ауламды су басып қалды. «Подвалға» да су толған. Келіншегім жүкті еді. Оны жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Құтқарушыларға, әкімдікке хабарласқанымызға төрт сағаттан асып кетті.»

Біраздан кейін оқиға орнына жергілікті билік өкілдері мен төтенше жағдай қызметінің мамандары да жетті. Арнайы техника жұмылдырылғанына қарамастан, аулаларды судан тазалаудан оңайға соққан жоқ.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов су басқан ауылдың жағдайымен танысуға алғашқылардың бірі болып келді
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов су басқан ауылдың жағдайымен танысуға алғашқылардың бірі болып келді

Жүздеген адам мен он екі арнайы техника жабылып жүріп, арықтың бойын тазалады. Бірі Сайрам жақтан келіп жатқан арықтың алдын бекітуге жүгірсе, бірі аулалардағы суды қондырғымен сорып жатыр. Осылайша енді болмаса құлағалы тұрған 13 үйді судан алып қалды. Кейінірек 700 метрдей жағалау бекітілді.

Экскаватор алдыңғы жұмысшылар қалдырып кеткен арықты қазуда
Экскаватор алдыңғы жұмысшылар қалдырып кеткен арықты қазуда

Жергілікті билік өкілдерінің болжауынша, бұл тасқын арыққа судың мөлшерден тыс жіберілгенінің кесірінен болуы мүмкін. Оның үстіне су келмеген арықтың жағасына жергілікті халық құрылыс та салып жіберген дейді. Қазір төтенше жағдайдың толық себеп-салдарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Бөгеттің түбін бекіту үшін адамдар белуардан су кешуге мәжбүр
Бөгеттің түбін бекіту үшін адамдар белуардан су кешуге мәжбүр

Ал жайылған су түнгі сағат 1-лер шамасында толықтай тоқтатылды. Дегенмен, түстен бастап тасыған су біраз құрылыс нысандарын бүлдіріп кеткені анық. Біздің көз алдымызда бір сарай опырылып құлап түсті. Тұрғындар суды ашатындарын бізге ешкім де ескерткен жоқ деп ашынады.