Жаңа босанған ана перзентханада көз жұмды

5 жылда ана өлімі 35,5%-ға, бала өлімі 39,9%-ға төмендеп отыр

Мақтарал ауданы Атакент ауылындағы перзентханада Есентаев ауылының тұрғыны Жанар Жүсіпова құрсағындағы нәрестені дүниеге әкелген соң ес-түсінен айырылып өлім құшты. Оның артында 4 баласы мен кеше ғана дүние есігін ашқан шаранасы шырылдап қалды. Марқұмның туыстары бұған дәрігерлердің салғырттығы себеп дейді.

5 жылда ана өлімі 35,5%-ға,  бала өлімі 39,9%-ға төмендеп отыр
5 жылда ана өлімі 35,5%-ға, бала өлімі 39,9%-ға төмендеп отыр

Балалы боламын деп ажал құшқан көпбалалы келіншек 21-ші мамыр күні ауруханаға өз аяғымен келіп түскен. Сөйтіп осында 4 күн бойы төсекке таңылады. Туыстарының айтуына қарағанда, оған ешқандай ем-дом қонбаған.

Бұл қайғылы қазаға дәрігерлерді айыптап отырған Ұлбике Жүсіпова осы ауылдағы амбулаторияда медбике болып еңбек еткен қызы Жанарға перзентханадағы әріптестері осылай қырын қарап, ақыры ажалмен аяқталады деп ойламағанын айтады.

Ал марқұм Жанардың сіңлілері жаға ұстатар жағдайды жеткізді. Олардың айтуынша, толғағы қысып, перзентханаға келген әпкесіне мұнда көмек көрсететін дәрігер табылмапты. Ауылды алты айналған күйеуі ақхалаттыны әзер жеткізіп, операция таңға жуық жасалған. Алайда мұндағы дәрігерлер осыдан кейін кінәні өздерінен көрмес үшін құйтырқы әрекетке салынып жатыр екен.

– 21-мамыр күні таңғы 9:30-да кіріп келген адамды, келесі күні 5:30-да келген деп жазып қойған, – дейді олар. Ол кезде дәрігерлер баланы ешкімнің рұқсатынсыз-ақ ота жасау арқылы алып қойған екен. Ал жас ана наркоздан оянбаған күйі көз жұмған.

Мәселенің мәнісін сұрағымыз келгенімен аурухананың басшысын таппадық. Ал бас дәрігердің орынбасары Салман Ирсаев болса қайтыс болған келіншектің өзін кінәлап отыр.

– Ол әйелдің бұрыннан денесінде ісігі бар болатын. Перзентханаға өз аяғымен келгенімен, операциядан кейін жағдайы күрт нашарлай түскен, – дейді ол.

Бұл оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің, ОҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары Бақыт Қозбақов әзірге сараптама нәтижесін күтіп отырғандарын айтады. Кімнің кінәлі екендігін содан соң ғана айқындамақ.

Айта кетейік, жыл басынан оңтүстікте осымен 7-ші ананың өлімі тіркелді. Бұл Республикадағы алдыңғы көрсеткіш. Егер салғырт дәрігерлер мен олардың жалаң сөйлейтін басшыларынан арылмасақ, медицина қасіреті әлі талай қабырғаны қайыстырады дейді марқұмның туыстары.

Мақсат ЖАҚСЫБАЕВ

Ұлбике ЖҮСІПОВА
Ұлбике ЖҮСІПОВА

Ұлбике ЖҮСІПОВА, Жанар Жүсіпованың анасы

– Дәрігерлердің қызыма қарамағаны айдан анық. Осыған дейін 4 баланы өзі еш қиындықсыз, отасыз босанған қызым бесіншісіне келгенде осындай қайғыға ұшырады. Өзі медбике, медицинадан хабары бар қыз, өз денсаулығына қарамады дегенге сенбеймін. Бұл дәрігерлердің салғырттығынан, толғағы қысқанда көмек бермей қоюынан болды деп ойлаймын. Олай болмаса неге ауруханаға түскен уақытын өзгертіп жазады?

 

 

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=4C6jCs385GY[/youtube]