Жас діндарлар ауыл-аймаққа аттанады

Медресені бітірді талай қазақ баласы

ҚМДБ-на қарасты «Шымкент» медресесін биыл 53 түлек аяқтады. Жас діндарлардың көңілі шат. Үш жыл білім нәрімен сусындаған шәкірттер көптен күткен дипломмен қауышты.

Медресені бітірді талай қазақ баласы
Медресені бітірді талай қазақ баласы

Қазіргі жағдайда қоғамға білімді де білікті дін мамандары қажет. Шүкір, бес-аспап дін мамандарын даярлайтын медреселер өңірімізде баршылық. Соның бірі – «Шымкент» медресесі. Ашылғанына көп бола қоймаса да, медресенің игілікті ісіне бүгінде ел-жұрт куә. 2007 жылы ел игілігіне берілген сауат ашу мекемесінен қаншама дін мамандары қанат қақты. Мінеки, биыл төртінші түлектерін ұшырып отыр екен. Шариғат ілімімен сусындаған 53 түлектің 39-ы ер, 14-і қыз бала. Оның 14-і қызыл дипломмен аяқтапты. Түлектерге диплом тапсыру рәсімі әдеттегідей кең ауқымда ұйымдастырылды. Түлектердің қуанышын бөлісуге ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуә бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров және «Қазақстан-2030» қоғамдық қорының өкілі, медресе құрылтайшысы Әбдікерім Өмір арнайы келіпті. Құрметті қонақтар шәкірттердің қадамына сәттілік тілеп, ізгі лебіздерін білдірді. «Медреседе шәкірттер ең алдымен дәстүрлі дініміздің өзге діндерден қандай айырмашылығы барын ұғынды. 10 ғасырдан бері ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан сүннет жолымен етене танысты. Расы керек, бізде діндарлар әлі де болса жетіспейді. Әрбір мешітте кемінде төрт адам болуы керек. Бас имам, наиб имам, азаншы және ұстаз. Осы шәкірттер енді ауыл-аймақтағы мешіттерге жіберіледі. Бәрі де ел игілігі үшін қызмет ететінініне сенім зор», – дейді С.Құрбанов.

Анығы сол, барлық бітіруші түлектердің қызмет орны даяр. Тек жұмыс істеуге деген ынта-ықылас болса болғаны. Дінтанушы Мұхамеджан Естеміровтың айтуына қарағанда жас мамандарға облыстан бөлек, көрші Жамбыл, Қызылорда өңірінен шақырту түскен. Ал діни білімін одан әрі жоғары оқу орнында жалғастыратындары да бар. Олар негізінен, Алматыдағы Нұр-Мүбарак Ислам университеті, Түркия, Мысырдың белді оқу орындарына аттанбақ ниетте.

Тағабай ҚАСЫМ

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=YYnxTxROwx8[/youtube]