Қазанда алтынға қарық болмадық

Жазғы Универсиада
Жазғы Универсиада
Жазғы Универсиада

Екі апта бойы дегбірімізді алған Қазан қаласының дамылдайтын кезі жетті. Ел спортшылары 2 алтын, 10 күміс және 15 қоланы бөктеріп, күмән мен күдіктің арасында қалдырып отыр. Жалпы командалық есепте жиырма бірінші орынмен қалың топтың арасында қалып қойдық.

Маргарита Мұқашева – 800 метрге жүгіру
Маргарита Мұқашева – 800 метрге жүгіру

Қай жарыс болмасын бізге алтын жүлде жаңбырша жауатындай болады да тұрады. Лондон ойындарындағы ғаламат жеңістен кейін осындай ойға ерік беріп қойғандаймыз. Бірақ, адамның айтқаны әманда орындала бермейтіні бар. Ашығын айтсақ, Қазан қаласы отандық спортшылар үшін бағалы жүлдеге сараңдық танытты. Желпініп барып едік, екі алтынға әзер қолымыз жетті. Рас, біткен іске сыншы көп. Спортта өзіндік имидж қалыптастырған әлеуетті еліміз үздік он бестікке іліге алмады. Ақсүйектер еліндегі айбынымызды көрсете алмағандаймыз. Жапония Қытай, Корея сынды Азияның алпауыттары ғана емес, қытайлық Тайпей, Моңғолияны да алға жіберіп қойдық.

62 келі Фархад Харки (ауыр атлетика)
62 келі Фархад Харки (ауыр атлетика)

Бұл жолы зілтеміршілеріміз алтын жүлдені күреп ала алған жоқ. Тек Фархад Харки қанжығамызды жалғыз алтынмен майлады. Бетке ұстар боксшыларымыз бен балуандарымыз орта жолда сүрініп жатты. Балуан Шолақтың ұрпағы Нұрмахан Тінәлиев бастаған балуандарымыз қола жүлдені місе тұтты. Беделіміз биік бокстан бұйырғаны 2 күміс, 2 қола.

29-009

 

29-010

 

Біз кейде қолда барды бағалай бермейтін секілдіміз. Қазан бозкілемінде өзбекстандық қазақ балуаны Елмұрат Тасмұратовтың әлеуетіне сүйсіндік. Тамырында қазақтың қаны ағып жатқан білекті балуан ғой. Биылғы жылы Азия чемпионатының бас бәйгесін иемденген. Елмұрат кезінде Шымкенттегі Б.Саттарханов атындағы спорт мектеп-интернатында тәлім алды. Білгір мамандардың арқасында пісіп-жетілген еді. Өкінішке қарай, қандасымыз түрлі себептерге байланысты қоңсы жұрттың намысын қорғап жүр. Унивесиадада өзбек туының астында белдескенмен, екінші айналымда Алмат Кебісбаевтан ұтылды. Алғашқы белдесуде неміс балуанын жұмарлай жеңгенін айта кеткіміз келеді.

Беделіміз биік бокстан бұйырғаны 2 күміс, 2 қола
Беделіміз биік бокстан бұйырғаны 2 күміс, 2 қола

Сөз жоқ, биылғы сайыста орыстардың айы оңынан туды. 126 алтын, 67 күміс, 57 қола барлығы 250 жүлдені иемденген Ресейдің мықтылығы еш талас тудырмаса керек. Қытай, Жапония, Корея көмбеге иық тірестіре қатар жетті. Біздің жеткен жеріміз 21 орын. Тізімге көз жүгіртіп көп жәйтті аңғаруға болатындай. Жеткен жетістігіміз бен кемшілігіміз саралана жатар әлі. Айта кететіні, 2017 жылғы Жазғы Универсиада Қытайдың Тайпей қаласында өтеді. Қош Қазан, арма Тайпей!

Тағабай ҚАСЫМ