Әр үйіне қарлығаш ұя салған

Бұл – Түлкібастағы Пістелі ауылы. Бұрын Таупістелі болған

Бұл ауылды Алла Тағала, Табиғат-Ана көзден таса, көпшіліктен жасыра қондырған секілді . Жұмақ қайда десе, осында дер едім.

Бұл – Түлкібастағы Пістелі ауылы. Бұрын Таупістелі болған
Бұл – Түлкібастағы Пістелі ауылы. Бұрын Таупістелі болған

Құлаққа ұрған танадай тыныштық, жұта бергің келер, Парижде жоқ, Лондонда табылмайтын, Римде кездеспейтін тынық ауа, тек құлағыңды аялар кептердің гуілі, қарлығаштың шиқылы ғана. Қандай өркениет, қандай технология болсын, бұл жердің табиғаты алдында қуатсыз, пәрменсіз. Шырайлы қаланың шырмауынан босанып, топырағы бұрқыраған, жан-жануары шұрқыраған ауылдың зергерлі темір биік қақпасын емес, ап-аласа қурай-бұтақтан өрген қоршауын көргенде, жүрегім тулап , балалығым қарсы алардай аласұрып кеткен күндерім қанша?!

Бұл – Түлкібастағы Пістелі ауылы. Бұрын Таупістелі болған. Жалғыз көше, жиырма бес үйлі ауыл. Жарықтық жарық тартылған, арагідік сөніп қалса қынжылмайтынбыз, майшамды сағына ортаға алатынымызды жасырмаймын. Өркениеттен өз еркімізбен бас тартып, көнеге көңіліміз ауып тұратын болды ғой. О несі екен, ғажап! Мүмкін балалығым бағында өткен атамды, «құлынымдап» тұратын құшағы мәңгі көктем әжемді сағынғаным болар…

Жалғыз көше, жиырма бес үйлі ауыл
Жалғыз көше, жиырма бес үйлі ауыл

Ал судың ең мөлдірін де осы ауыл тұрғындары ішетіндей. Бастау – ауыл мақтанышы. Судың қадірін қос шелекті сызық белдігінен асырмай, сонау отыз-қырық (біреулерге одан да алшақ) метр қашықтықтағы асыл қазынаны шолпылдатпастан, шашау шығармай, шашыратпастан үйіне жеткізген қыздар білер. Кеңсірігің кеуіп, таңдайыңа тілің тісіңмен бірге желімделе жаздағанда құлағын бұрай сала құйылатын хлорланған, «тазартылған-мыс» кран суына емес, бір қолыңа он екі литрлі шелек, екінші қолыңа үш (не екі) литрлік шайнекті алып атақты бұлақ басынан тастай, күмістей мөлдір суды сол шайнек қақпағынан немесе шелекке тұмсық-пұмсығыңмен сүңгіп кетіп ішсең ғана шөлің қанатынын білсеңіздер ғой! Өзім талай мәрте солай жасадым. Бұл бұлақ суының дәміне қанық ауылға қонақ жандардың қалбыр бөтелкеге лықа құйып алып кететіндерін де көргенбіз. Не сиқыры бар екен бұлақ суының, қандай құдіреті?!

Зымыраған уақыт бұл аймақта тежеліп, сырт-сырт соғуға ұялғандай сағат тілі де жүрісінен жаңылысып, баяулатқандай болады. Бұл арада бөлекше уақыт, ерекше бақыт бардай көрінеді маған. Адамы да, жотасы да, өзен-бұлағы да, құлын-тайы да, Күн мен Айы да бақытты секілді. Табиғат-Анамен үндесе, ымдаса күн кешкендіктен болар.

Аспаны да бөлек, асқары да биік тау алып кеудесін тосып, тасалаған, алақандай ауылды дүлей дауылдан да, қаумалаған қауымнан да қорғағандай. Осы жерде адам «ұлылығын» ұмытып, өзінің дүниеде тек бір түйіршік қана екенін есіне алады.

«Алатаудай асқар, Қаратаудай қазыналы, Тарбағатайдай сыршыл тау жоқ шығар, сонда да Құлбайшоқыдай сұлу, биік тау жоқ», − дейді біздің жақтағылар. Әй, сол рас па деймін?! Құлбайшоқы − ауыл күзетшісі, Қытай қорғанына пара-пар қамалдай көрінеді маған. Ойнап отырған немересін жантая кетіп кекілінен сипап отырған…

Еңселі таудың ұшар басына көз тіксең, басың айналып, арқырамай-ақ сызыла аққан бұлақты да бағындыра бұра алмасыңды, жүйрік атанып, көбелегін қусаң да жеткізбесін білгенде, Табиғат – құдіретті мойындайсың. Жота-жота долана, жиек-жиек жиде, шоқ-шоқ Таупісте. Жапондардың сакурасынан кем түспейтін долананың көктемдегі гүлдеу сәтін көру сол жиырма бес үйдің түтінін түтетіп отырған пістеліліктерге ғана бұйырған. Суретші табиғаттың бояу-сырын аямастан ағаштың әрбір бұтақшасын жеке-жеке әрлеген бе дейсің. Ал, иісін айтып жеткізе алмаспын! Тамшысы бәленбай долларға бағаланған француз әтірін аямай шашып, төгіп тастаған ба дейсің. Француз деймін-ау, Пістелі әтірі, химиясыз, жоғары технологиясыз дайындаған шебер табиғаттың өз туындысы.

«Көнеге көңіліміз ауып тұратын болды ғой»
«Көнеге көңіліміз ауып тұратын болды ғой»

Осыдан үш жыл бұрын жазғы үш айлық демалысты осы ауылда өткізетін кезім. Бірде шаруасынан шаршадым ба, қаланың ермектерін сағындым ба, жалғыздықтан жалықтым ба, апамның бір ауыз сөзін көтере алмай, Құлбайшоқыға кеттім де қалдым. Өзен үстінде пістеліліктер құрастырған ағаш көпірден өтіп, жалғыз аяқ жолға түстім де, жоғары өрлей жорғалай бердім. Сол кезде не ойлағаным есімде қалмапты. Тек тоқтамай жүре бергенімді білем. Айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Шөп ішінде шырт-шырт жарыса секірген шегіртке, ызыңдап жалғыз ұшып бара жатқан көк қоңыздың үні сол тынық ауаға әуез қосқандай. Бір уақытта аяғым талып, ашуым тарап, тоқтай қалып артыма қарадым. Қандай керемет сурет еді?! Леонардо да Винчи, Пикассо, тағысын тағылардың жандары жаннатта болсын, өкпелемесін, бұл қайталанбас туынды … Бірімен-бірі керуен құрап жалғасқан бүкір жоталар, етекте жібек жіптей жылтылдап аққан өзен, бірде жалаң, бірде топ-топ қадалған тал-ағаш, алыста ақшаңқан үйлердің айналасында сап түзеген ақтерек, көктерек, шахмат тақтасына жайғасқандай бау-бақшаны да анық көрдім. Көгенде ойнақтаған қозы-лақ, желідегі құлыншақ бұл полотнодан лайықты орнын тауып тұрды. Осы «картадан» атамның үйін іздедім. Апаммен бірге кеше ғана әктеп қойған үй басқа жиырма төрт үйден де ақшылдау болып көрінгенін мақтан тұтып, кімге өкпелеп, неге ренжігенімді де ұмытып кетіп едім. Енді сол үйден ыстық, сол адамдардан жақын адам жоқтай сезіндім. Апамның шайға қосып ішер киікоты көзіме оттай басылып, соны теруге кірістім де кеттім. Бір шоғын жұлып жатып, екіншісіне қол соза ұмтылғаным, тезірек теріп, апамның тәтті таба нанына, оған абысын болып саналатын бір жеңешеміздің қою сары қаймағын жағып ішетін шайға үлгеріп барсам дегенім, әсте. Ал, сындырып солға қарай қырт қисайтып ырғағанда бұрқ еткен иіс танауымды қытықтап асықтыра түскені де есімде.

«Бұл ауылдың әр үйіне қарлығаш ұя салған» деп естуші едім. Ас үй мен апамның шағын ұстаханасын жалғайтын ашық бөлменің төбесіндегі ұяға, апамның айтуынша, жылда бір жұп қарлығаш келеді. Ұясын түзеп, сары ауыз үш балапанының қамымен зыр қаға ұшып-қонғанын көргенде, құс екеш құс та қам-қарекет жасайды екен-ау деп қазір ойланамын. Табиғат осы құстан адалдықты, тұрақтылықты, мейірімділікті, еңбекқорлық пен тазалықты үйренсін деп жаратқан шығар. Міне, сол бағзы аждаһа – айдаһар заманнан әлі үйреніп келеміз.

Боз жусанына жусап, киікотына оттап, арық жағалай желкілдеген жұпар жалбызына жайылған басқа да нәрі мен маңызы мықты көкке көгенделген бие сүтінің дәмі таңдайыңнан да, есіңнен де кетпейтініне күмәнім жоқ.

Долананы білетіндеріңіз бар ма!? Сары долана, қызыл долана. Ол да Табиғат сыйы. Желмен айдап жеткен бе, торғай тұмсығынан түсті ме, әйтеуір адам емес еккен оны. Шоқы жон арқасын тосып тұрғанда бір құдіретті күш мәпелей қондыра-қондыра салған секілді. Долана жемісінің емдік қасиеті туралы айтпай-ақ қояйын. Білетін боларсыз. Долана алғашқы суық ұрғаннан соң жиналатынын естеріңізге сала кетейін. Есімде асыл да, еңбекқор әрі өте кірпияз апамның бес шелек долананың сабағы мен мұртшасын тазалатқаны.Сөйтсек, оның бар дәрумені сол жарты күн кескен жерінде екен. Келесі жылы бұл жұмыс әжептәуір жеңілдеп, қыстың күнінде қызыл күрең шайға долананы қосып сіміріп отыратынбыз. Неге екенін білмедім, етіне үлкен құмар, сұйығын кіші құяр болды. Міне, осы долана да Пістеліні жерсінген. Айтпақшы, Қазақстанның көп жерінде өспейтін пісте, дұрысын айтқанда «таупісте» өсетін бірден-бір жер. Ауыл аты да сол жеңсік жеміске орай болғанын да түсініп отырсыздар ғой,сірә. Түркия, Сауд Араб Әмірлігі елінде, басқа да Шығыс елдеріндегі көп тәттіге қосылатын Таупісте бұл .

Қаладан сол ауылға ерекше ауасы үшін асығатын атам мен апам. Ешқандай қоспасыз, жаңа заманның да, жаңа озық технологияның да исі емес, табиғат исі. Судың, шөп пен жапырақтың, гүл мен топырақтың, қидың исі. Сүт пен құрттың, айран мен қымыздың, қолдың сары майына шыланған таба нанның исі.

Пістеліге, Таупістеліге барып көріңіз. Майсасына аунап, өзеніне күмп беріп, бұлақ суын қанып ішіп, манағы алуан иіс шашыңның әр талына сіңгенде, Табиғат – Ана, сен – бала ғана екеніңді түсінесің. Келесі күзінде, келер көктемінде, жетер жазында, қызықты қысында тағы бір барсам дейтініңізге шүбәм жоқ. Пістеліге қош келдіңіздер! Таупістеліге!

Ақбөпе Әбділдаева, Шымкент қаласы