Берекенің бастауы сыйластықта

Жанұядағы татулық қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастырады

Қайтпас-1 шағынауданында тұратын Жанаевтар отбасында 4 келін бар. Оның үшеуі бір шаңырақта тұрады. Абысын тату болса ас көп дегенді бұл әулеттің келіндері жақсы түсінеді.

Жанұядағы татулық қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастырады
Жанұядағы татулық қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастырады

Қазақтың қай келіні болмасын инабаттылығымен, иман жүзділігімен, кішіпейілділігімен үлкендердің ақ батасын алып жүрген. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын Жанаевтар отбасының төрт бірдей келінінің де бойынан осы қасиеттерді аңғаруға болады. Отбасы, ошақ қасындағы күнделікті күйбең тірлікті үйіріп әкететін төрт келіннің үшеуі бүгінде бір шаңырақтың астында өмір сүріп, тату-тәтті күн кешуде.

Жанаевтар әулетінің тірегі Оңласын аға мен Сәуле апа 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, болашаққа қанат қақтырды. Отбасының тұңғышы Жарасты үйлендіріп, аяулы келіні Сәбираның құтты қадамына жас баладай қуанған Сәуле апа, басқа ұлдарының қызығын көре алмайтындығын ол кезде білмеді… «Апам марқұм өте жақсы жан еді. Мені өз қызындай көрді, білмегенімді үйретті. Қайда барса да қасынан тастамайтын. Ауыл-аймаққа өте сыйлы болатын. Сол кісінің берген тәрбиесі мен айтқан ақыл-кеңесін әлі күнге өмірлік азық етіп келемін», – деп енесінің көзін көрген жалғыз келін Сәбира жанарына жас алып қалды.

Бүгінде бұл әулеттің ұл-қыздары елге сыйлы, өсіп-өнген жандар. Асқар таудай әкелері Оңласын аға балаларын қатарынан кем қылмай өсірді. Ұлдарының барлығы отбасылы, әр үйдің еркесі мен сұлуын шаңыраққа келін етіп түсірді. Бүгінде Оңласын аға балдай тәтті 7 немересінің қылығы мен қызығына тоймай өмір сүріп келеді. Ақылды да ажарлы келіндерінің ауызбіршілігі мен ымырашылдығын әрдайым мақтан ете біледі. «Ұл-қыздарым менің бар байлығым. Оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірдік. Аналарының жоқтығын білдірмей, балаларыма қамқор болып келемін. Келіндерімнің барлығы тәрбиелі, инабатты. Көргенді жердің қыздары. Ендігі арманым осылардың бақытты болуы, қызықшылықтарын көрсем деймін» – деп, Оңласын аға көзіне келген ыстық жасты іркіп алды.

Жанұядағы татулық қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастыратынын Жанаевтар отбасы жақсы біледі. Мұны өздерінің өнегелі өмірімен дәлелдеп келеді. Үш бірдей келін бір шаңырақтың түтінін түтетіп, таласпай-тартыспай, жанұя құндылығын сақтап, ауызбіршілікте өмір сүруде. Отбасының екінші ұлы Рауанның жары Күмісай да әңгіме барысында өз ойымен бөлісе отырды. «Мақтанғаным емес, бірақ біздің жанұямызға көпшілігі қызыға да қызғана қарайды. Төртеуміз де татумыз. Сенікі, менікі деген ұғым жоқ бізде, барлығымызға ортақ саналатын отбасымыздың татулығын сақтауға тырысып келеміз» – дейді ол. Байқауымызша бұл жанұя мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығы басты құндылық. «Барды бағалай білмейтін отбасыларда кикілжің туындап, әйелге қол көтеру, зорлық көрсету әрекеттерінің кездесетіні бүгінгідей тыныш заманымызға сын болып отырғаны белгілі. Аллаға шүкір, келіспеушілік, ұрыс-керіс деген нәрсе біздің жанұяда болған емес. Бұл әулетке келін болып түскеніме аз уақыт өтсе де, менің үйренгенім көп болды. Барлығы өте бауырмашыл. Бір-бірін бөліп жармайды ешқашан. Осы шаңырақта, көпшіліктің ортасында өзімді бақытты сезінемін» – деген үшінші келіні Меруерт те жанұясын мақтан етті. Үйлеріне барғаннан бірі тамақ жасап, бірі балаларға қарап, бірі шайдың қамына кірісе кеткен бұл отбасының келіндерін көргенде расында да қызыға қарайды екенсің. Енелерінің орнын білдірмей, әулетке кір келтірмей, той-жиындарға бір кісідей атсалысып, үлкендердің ризашылығын алып келеді. Отбасындағы төрт ұлдың арасында еркелеп өскен Ақерке де жеңгелерінің ауызбіршілігіне дән риза. «Ағаларымды қалай сыйласам, жеңгелерім де маған сондай жақын. Бірі әпке, бірі құрбым ретінде менімен ой бөлісіп, сырласа біледі. Үлкен жеңгем анам ретінде ақылын да айтып отырады. Әкеме де барлығы қамқор. Бөлек тұрғаннан гөрі, осылай үлкен шаңырақта бірге өмір сүргеніміз ұнайды. Біздің үйде ыдыс-аяқтың сыңғыры естілген емес. Жеңгелерімнің татулығына ризамын. Жанұяның ауызбіршілігін сақтауда ағаларымның да үлесі ерекше», – дейді Ақерке. Отбасындағы үшінші ұлы Ардақ та әңгімемізге құлақ түре отырып, ішкі сырымен бөлісе кетті. «Әрине, анамыздың орнын ешкім де баса алмайды ғой. Келмес-ке кеткен анамның бейнесі әлі күнге көз алдымда. Біздің шаңырақтың абыройын асырып, мерейін тасытып отырған жеңгелерім мен келінімді қатты сыйлаймын. Алайда анамның көзін көрген үлкен жеңгемді жаныма жақын қабылдаймын. Анамның қас-қабағына қарап, ыстық шайын ұсынған осы жеңгем. Бұл кісі әрдайым келіндеріне үлгі бола біледі. Анамнан үйренген тәлім-тәрбиесін үйретіп жүреді үнемі. Жұбайым Меруерт те біздің отбасыға тез сіңісіп, инабатты келіндердің қатарын арттыра түсті. Бәрінен де әкемнің алғысына бөленген жеңгелерім мен келінімнің, келіншегімнің болашағы жаман болмас», – деді Ардақ. Иә, отбасында төрт келін бар деген ұғым бөлек, ал сол төртеуінің үшеуі бір шаңырақта өмір сүреді деген басқа. Олардың татулығы, ауызбіршілігі өзгелерге үлгі боларлықтай. Жас та болса өмірден өз орындарын қалыптастыра білген отбасы мүшелері ең бастысы жанұя құндылығын сақтай біледі.

Гүлнұр СӘТБАЕВА

Түйін

Отбасының басты тірегі – ер азамат саясында әйел қамқор табатын болса, бірлік пен береке тоғысып, қоғамның тұғыры беки түсетіндігі белгілі. Бейбіт күннің шуағын сезініп, заманның қадірін бағалайтын әр азамат отбасы беріктігін сақтай алатыны кәміл. Ол үшін сыйластық туын жықпай, жанұяның татулығын орнату маңызды. Мұндайда отбасы жауапкершілігін жоғары қойған жандар ұрпағы алдында да мерейі асқақ тұрарын ұмытпаса, ұрыс-керістің ауылынан аулақ болары анық. Сонда ғана отбасының іргесі берік, ынтымағы жарасты, берекелі шаңырақ шаттығы шуақты болады.