Адам өлімі

Шымкенттегі әскери бөлімдердің бірінің сержанты бейбіт тұрғынға қастандық жасады. Қасындағы сыбайласымен 25 жастағы бойжеткенді зорлап, соңынан буындырып өлтірген. 25-шілденің түнінде орын алған қанды оқиғаның ақ-қарасын қазір тергеу анықтап жатыр.

Айта кетейік, бұл жыл басынан бері өңірде әскерилердің қатардағы азаматтарға қатысты жасалған жалғыз қылмыс емес. 

Бойжеткеннің мәйіті табылған шұқыр
Бойжеткеннің мәйіті табылған шұқыр

25 жасар әйел адамның мәйіті «Шапағат-2» шағынауданындағы шұқырдан табылған. Сараптама бойжеткеннің қылқындырып өлтірілгенін анықтап отыр. Өлі денені осы маңдағы тұрғынның бірі тауып, полицияға хабар берген.

(Әскери прокуратураның мәліметінше, аталған шағынауданның Жаңақұрылыс көшесінің тұрғыны 1978 жылы туылған Исламхан Шарафуддин Нуриддинұлы аумақтағы №43 УПП-нің инспекторы полиция капитаны О.Алгибаевқа «Шапағат-2» шағынауданындағы сайда мәйіт жатқаны туралы хабарлаған).

Анықтау шаралары бойжеткеннің өмірі басқа жерде қиылғанын көрсетті. Әскери прокуратураның мәліметінше, өлтірердің алдында бойжеткен зорланған. Осы оқиға бойынша қаладағы әскери бөлімдердің бірінің сержанты қолға түсті.

Есжан Сыбанбаев, Шымкент гарнизоны әскери прокурының орынбасары: «Әскери қызметкер 03-534 әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша әскери қызметкері. Мырзағалиев деген. Ол қазіргі таңда осы іс бойынша күдікті ретінде. Ол бұл қылмысты Соколенко деген азаматпен топталып жасаған. Қазіргі таңда 29-шілде 2013 жылдың Еңбекші аудандық соттың шешімімен олар қамауда отыр».

"Шапағат-2" шағынауданындағы шұқыр
«Шапағат-2» шағынауданындағы шұқыр

Белгілі болғаны: Оқиға шілденің 25-інен 26-сына қараған түні орын алған. Көршісімен серілікке шыққан келісімшарт сержанты 25 жастағы бойжеткенмен танысады. Таныстық Қайнарбұлақ саяжайында жалғасады. Қылмыс та сол жерде орын алған. Қызықты кеш барысында ел қорғайды деген сарбаз қыз зорлайды. Қылмысын жасыру үшін оны өлтіріп, мәйітті қаланың екінші шетіне апарып тастаған. Күдікті қызмет ететін 03-534 әскери бөлімінің басшылығы қызметкерінен мұндай қатыгездікті күтпесе керек. «Төбемізден жай түскендей болды», деп отыр.

Сергей Поплавский, 03-534 әскери бөлімінің командирі: «Мен ол жерде не болғанынан хабарсызбын. Тіпті ештеңе түсінер емеспін. Біз үшін күтпеген ауыр жағдай болды бұл. Сенесіздер ме, біздің ұжымда соңғы 10 жыл ішінде ешқандай тәртіп бұзушылық орын алмаған. Тату-тәтті тұрамыз, мақтан тұтатын едім».

Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сарбаз бен бірге оның көршісі де — қарапайым азамат тұтқынға алынды. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында әскери қылмыстар саны 20 пайызға азайған. Есесіне, сарбаздардың қарапайым тұрғындарға қатысты қылмысы 30 пайызға артып отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=zedb6XPl_UE[/youtube]