Әлем чемпионатының жүлдегері Шымкентте шеберлік сабағын берді

250
Еліміздің беделді дзюдошылары кейінгі ұрпаққа шеберлік сабағын беруде

Дзюдодан Бразилияда өткен Әлем чемпионатында күмістен алқа таққан Азамат Мұқанов жуырда ғана Шымкентте болып қайтты. Оңтүстіктегі жолдастарына қонаққа келген палуанды №10 жекпе-жек спорты мектебінің ұжымы  спорт залға ерте келді. Беделді спорт саңлақтарымен жүздесіп, одан бір-екі кеңес алудың өзі жас палуан үшін пайдасы орасан екеніне жерлестеріміз сенімді. Азамат Мұқанов та бұл ұсынысқа бірден келісе кетті. Оның үстіне Оңтүстіктегі дздюдошылардың спорт залын, дайындығын өз көзімен көргісі келгенін де жасырмады.

Азамат Мұқанов шымкенттік ізбасарларымен бірге
Азамат Мұқанов шымкенттік ізбасарларымен бірге

Азамат Мұқанов, дзюдодан Әлем чемпионатының күміс медаль иегері: «Шымкентте демалайын деп, қонаққа келіп отырмын. Ал Мұрат ағамыз спорт залға шақырғанда қуана келістім. Жаттығу орны жақсы екен. Кең. Еліміздің барлық облыстарында мұндай спорт орны бола бермейді. Сол себепті де чемпиондарды тәрбиелеуге жақсы мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жастарға айтарым – уақытында ұйықтап, тамақтану қажет. Бапкердің де айтқанын бұлжытпай орындау қажет.»

Отандастарымыз Олимпиада ойындарына дейін әлі екі Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Қазіргі таңда Оңтүстікте жас палуандар өсіп келеді. Мәселен, солардың бірі – Дидар Хамза. Ол Евразиялық ойындарда чемпион атанып, мықты екенін байқатты. Сондай-ақ, АҚШ-та өткен Әлем чемпионатында Дидар жастар арасында қола медаль жеңіп алды. Бағдаулет Сәбитов те өз жас ерекшелігінде чемпион атанып жүр. Қазіргі таңда ол Гран-При жарыстарына қатысып жүр. Ал Азамат Мұқанов енді алдағы Әлемдік додаларда Олимпиада ойындарына жолдама үшін таласатын болады.