Ауылдағыларға бейтаныс ұйымдар бар

Ұйымдастырушылар жаңа оқу жылының қарсаңында балаларға базарлық жасауды да ұмыт қалдырмапты

«Болашақ бүгіннен басталады» облыстық акциясы Мақтаарал ауданынан бастау алды. Шараны облыстық Азаматтық альянс ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – ауыл-аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру.

Ұйымдастырушылар жаңа оқу жылының қарсаңында балаларға базарлық жасауды да ұмыт қалдырмапты
Ұйымдастырушылар жаңа оқу жылының қарсаңында балаларға базарлық жасауды да ұмыт қалдырмапты

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын әлі де болса ширату керек. Себебі, елімізде белгілі бір науқан барысында ғана төбе көрсетіп қоятын ұйымдар баршылық. Жұмысы тек жеңіл-желпі шаралар өткізумен шектелетін ондай ұйымдарды халық тіпті білмейді де. Ал ауылдағы ағайын үкіметтік ұйымдар туралы тіпті ауыз да аша алмайды. Осынау олқылықты жою мақсатында азаматтық альянс ауылдық жерлерге аттанды.

Мақсат – ондағы үкіметтік емес ұйымдардың біліктілігін арттыру, заманауи деңгейде жұмыс істеуге шақыру. Бүгінде мемлекет үкіметтік емес ұйымдардың алдына үлкен міндет жүктеп отыр. Мемлекет пен халық арасына алтын көпір болуы тиіс ұйымдардың келелі істерді ұршықтай иіріп әкететін «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті Клара Әліпова «Ең алғаш рет азаматтық альянс біздің облыста құрылған болатын. Тәжірибеміздің молдығына қарай бізге қойылар талап та қатаң. Сондықтан, жұмысты ширатып, әріптестік жағдайды күшейтуіміз керек» дейді.

Мақтаарал ауданында бүгінде онға жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Алайда, сала мамандарының біліктілігі заманауи талапқа сай келеді деп айтуға әлі де ерте. Сондықтан, тәжірибелі мамандар түрлі тренингтер ұйымдастырып, әріптестерін жаңа инновациялық бағдарламалармен таныстырды. Ұйымдастырушылар жаңа оқу жылының қарсаңында балаларға базарлық жасауды да ұмыт қалдырмапты. Альянс мүшелері мектеп шәкірттерін оқу құрал-жабдықтарына қарық қылып, мүмкіндігі шектеулі балаларға тарту-таралғы жасады. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Алаңда флэш-моб ұйымдастырылып, көпшілік бидің көрігін қыздырды.

Мақпал РЫСБАЕВА