Ұлын бір көруге зар болған ана

Күләш Әбдешова
Күләш Әбдешова
Күләш Әбдешова

«Түрмедегі ұлымды ұрып тастады». Редакциямызға осындай шағыммен ақтаулық тұрғын Күләш Әбдешова хабарласты. Айтуынша, Ақтауда жазасын өтеп жатқан ұлын өкпе құртына шалдықты деп Шымкенттегі ИЧ 167/2 түзеу мекемесіне жіберген.

Артынша, «ұлың өлімші хәлде, тез жет» деген хабар алған ана қазір бауыр еті баласын бір көруге зар болып жүргенін айтады. Оның ел арасында «тубзона» аталып кеткен абақтының алдын торуылдап жүргеніне аптадан асты. Бар ойы – осында жазасын өтеп жатқан ұлын көріп, аман-саулығына көз жеткізу.

 Күләш Әбдешова, Ақтау қаласының тұрғыны: «Менің жанымды ауыртып жатқаны – сіз бұл жерден балаңызды алып кетпесеңіз, балаңыздың өлігін аласыз да, туберкулезбен өлді дей салады дейді біреулер. Баламды, ең болмаса, жақын жерден аяқ-қолымен тіке тұрғанын көрсетсе, мен рахметімді айтып кетер едім.»

Қатаң режимдегі мекеме басшылығынан біз де мән-жайды білмекке асықтық. Айтуларынша, бұған дейін де «темір тордың төрін көрген» жігіт бұл жолы түрмеге тыйым салынған заттарды әкелгенімен қоймай, ішкі тәртіпке бағынбапты. Сол әрекеті үшін 8 тәуліктік айыптау-оқшаулау орнына жабылған екен.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=tRH2OWfjdV4[/youtube]

Ғалымжан Маханбетов, ИЧ 167/2 мекемесінің басшысы: «Осы мекеменің басшысы ретінде мен әрбір сотталған адамның өміріне жауап берем. Сондықтан, аталған жігітке ешқандай қауіп жоқ. Оның анасы қауесет сөзді жан-жақтан естіп алған. Анасымен кездескен кезде менің қызметкерім, дәрігер де келіп, ол кісімен сұқбаттасып, денсаулығы жөнінде түсіндіріп айтқан.»

Түрме басшылығы ананы ұлымен телефон арқылы да тілдестірдік деп отыр. Бірақ «балам демігіп сөйлеп, күдігімді одан сайын үдетті» дейді ақтаулық ана. Қалай болғанда да жазасын өтеуші Ғалымжан Әбдешовпен анасы да, біз де жолыға алған жоқпыз. Ана мен баланың кездесуі карантин уақыты біткен соң ұйымдастырылады екен. Ал оқшаулау шарасы 24-қазанда аяқталады.