«Асарда» көкөніс қоймасы ашылды

Мұнда қазір сырттан сатып алынған 600 тонна пияз сақталуда
Мұнда қазір сырттан сатып алынған 600 тонна пияз сақталуда
Мұнда қазір 600 тонна пияз сақталуда

«Асар» шағынауданында көкөніс қоймасы ашылды. Сыйымдылығы 6 мың тоннаға арналған нысан осы шағынаудандағы жылыжайлардан жеткізілген көкөністерді қабылдап қана қоймай, азық-түлік өнімдерінің түр-түрін сырттан сатып алумен де айналысатын болады. Заманауи технологиялармен жабдықталған қойманың басты инвесторы – «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы.

Бұл – «ҚазАгроҚаржының» Оңтүстік Қазақстан облысында биылдыққа жоспарлаған 4-ші қоймасы. «Асар-KZ» жобасының жалпы құны 806 миллион теңге болса, акционерлік қоғам соның 60 пайызын өтеуге қол ұшын созған.

Ринат Кемешов, «ҚарАгроҚаржы» АҚ ресми өкілі: «Біздің мекеме кәсіпкерге 8 жылға 6 пайызбен несие берді. Бұл – жалпы соманың 60 пайызы деген сөз. Көкөніс қоймасы енді іске қосылып жатқандықтан, қаржы уақытылы қайтады деген ойдамыз. Жалпы қарызды қайтару мәселесінде бізде проблемалар туындамайды.»

5600 тонна көкөністі сақтауға арналған қойманың бар құрылғысы голландық жүйе бойынша жұмыс істейді. Бұл – сақтау тоңазытқыштары бір тетікпен басқарылады деген сөз. Ол үшін мамандар арнайы оқудан да өтіпті.

«Асар KZ»-тің жылыжайы да бар. Екі гектар жерден алынған өнім тікелей жаңа қоймаға жіберіледі. Жалпы, бұл сақтау орны «Асар» шағынауданындағы тұрғындар үшін де тиімді болып тұр дейді үлкендер жағы. Өйткені, Асардағы 1,5 мың отбасында 3 соттықтан жер бар. Бәрін есептей келгенде 52 гектар жердің өнімі жаңа қоймаға жіберіледі. Шаруалар үшін тиімділігі сол, олар өндірген өнімдерді қойма басшылығы базар нарқымен бірдей алады екен.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=FKdXyTLfQsI[/youtube]

«ҚазАгроҚаржы» ашылған уақыттан бері еліміз бойынша 17 көкөніс қоймасы бой көтеріпті. Демек, жыл сайын 91 мың тонна көкөніс сәйкесінше сақталып, шетел асады деген сөз. Ал біздің облыс бойынша акционерлік қоғам мұрындық болған қоймалардың сыйымдылығы 14 мың тоннаны құрайды.