Шымкентте мемлекеттік қызметте 180 әйел бар

...3 министр әйел бар, 260 нәзікжанды қалалық, аудандық, ауылдық жерлердің әкімдері, депутаттардың сапында 25 әйел бар...
...3 министр әйел бар, 260 нәзікжанды қалалық, аудандық, ауылдық жерлердің әкімдері, депутаттардың сапында 25 әйел бар...
…3 министр әйел бар, 260 нәзікжанды қалалық, аудандық, ауылдық жерлердің әкімдері, депутаттардың сапында 25 әйел бар…

Шымкентте гендерлік саясатты қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия үйлестіреді. Оның негізгі міндеті – отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.

Шымкент қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Сапаркүл Бекмырзақызының айтуынша, қазіргі кезде қаланың қоғамдық-саяси өмірінде, экономикасында және басқа да салаларында гендерлік теңдікке қол жеткізу көрсеткіштері қуантарлықтай. Мәселен, ОҚО Статистика басқарманың мәліметіне сүйенсек, қала халқының 50%-ын нәзікжандылар құрайды. Яғни, қалада 346,9 мың әйел бар. Олардың 1-еуі қала әкімінің, 1-еуі аудан әкімінің орынбасары болса, 1-і қала әкімдігінің құрылымдық бөлімінде басшылық лауазымда, 3-еуі қалалық мәслихатта адал қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ, 180 нәзікжанды мемлекеттік қызметте істейді. Маманның сөзіне сүйенсек, қаладағы білім беру саласында да әйел аналардың үлесі басым екен. Жалпы білім беретін 84 орта мектептің, 60-ның директоры әйел. Сонымен қатар, қаладағы 73 мектепке дейінгі балалар мекемесін 100% әйелдер басқарып отыр. Ал, кешкі мектеп директорларының саны 8 болса, олардың 4-уі әйел. Қала бойынша мұғалімдер саны – 9367, соның 93%, яғни, 8430-ы әйел. Оған қоса, көптеген қыз-келіншектер сауда-саттықта жүрсе, қаланың демографиялық ахуалына оң ықпал етіп келе жатқан ақжаулықты аналарымыз да көп. Атап айтар болсақ, Шымқалада 5330 көпбалалы, Батыр ана бар. Олардың 2270-і «Алтын алқа», 3060-ы «Күміс алқа» иегері.

Шымкент қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Сапаркүл Бекмырзақызы қалада әйелдердің беделін арттырып, оларды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтады. Мәселен, жыл басынан бері Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыс іздеп 17 129 адам хабарласса, соның 55%-ы, яғни 9356-ы әйел екен. Хабарласқандардың 14 523-і жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 8 406 нәзікжанды бар. Ал, «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасы аясында 2517 адам жаңа жұмыс орнына жолдама алса, олардың арасында 1 852-і бойжеткен. Биыл 2100 әлеуметтік жұмыс орны құрылып, 2697 адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алыпты. Жұмысқа тартылғандардың басым көпшілігін әйелдер құраған. Қоғамдық жұмыстарға 781 адам тартылса, оның 68%-ы нәзікжандылар. Мұндай көрсеткіштер белгілі бір деңгейде гендерлік теңдік мәселесінде ілгерілеушілік бар екенін аңғартады. Отбасындағы гендерлік теңдік мәселесі – жеке тақырып. Осы ретте отбасын нығайту және отбасындағы тәрбиенің рөлін арттыруға қатысты көбірек әңгіме қозғау қажет дейді мамандар. Статистикаға сүйенсек, қалада мұқтаж, аз қамтылған 2015 отбасы бар екен. Осы орайда қала халқы арасында кедейшілікті азйту мақсатында, түрлі жобалар қолға алынып, қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында тағдыр тәлкегіне ұшыраған отбасылар анықталып, кәмелет жасына толмаған балаларға қаржылай және әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Мұндай акциялар көбінесе «Отбасы – отбасына», «Балаға көмектес» деген атаумен рейдтік шаралар түрінде өткізіледі. Мысалы, биылғы жылы осындай рейдтер нәтижесінде әлеуметтік ахуалы төмен 2015 отбасы анықталған. Кедейшілікті азайту мақсатында 819 отбасыға атаулы жәрдемақы тағайындалған. Ал, ана мен баланы қолдау мақсатында 18 жасқа дейін балалары бар 4746 отбасы анықталған. Оларға да қажетті жәрдемақы төленіп келеді.Сонымен қатар, көпбалалы, өз бетінше бала тәрбиелеп отырған жалғызілікті, мүгедек балалары бар және жұмыссыз аналарға да жәрдемақы төленіп, көмек көрсетіледі. Гендерлік саясат дегеніміз – өмір құндылықтарының барлық саласына қатысты ер мен әйел арасында теңдік орнатуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс-әрекеттер.

Айжан Ермекқызы

Ал осы кезде…

Басшылық қызметте 55% әйелдер отыр

Бүгінгі күні Қазақстанның мемлекеттік басқару органдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің 55%-ы әйелдер қауымы екен. Бұл туралы BNews.kz ақпараттық порталына ҚазМемЖенПУ Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ҒЗИ директоры Зәмза Қодар мәлімдеді.

«Мысалы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық сая-сат жөніндегі ұлттық комиссияны Президент кеңесшісі Гүлшара Әбдіхалықова басқарады. 3 министр әйел бар, 260 нәзікжанды қалалық, аудандық, ауылдық жерлердің әкімдері, депутаттардың сапында 25 әйел бар», – дейді Зәмза Қодар.

Оның айтуынша, ҚР Парламент Мәжілісінің бұрынғы құрамымен салыстырғанда, бүгінгі құрамы 2,5 есе артқан. Сосын, депутаттар корпусының 24%-ы әйелдер екен.