Қайыр қылсаң, бүтін қыл!

 2007 жылы жергілікті әкімдіктің қолдауымен әлеуеті төмен 284 отбасына берілген баспаналарда коммуналдық мәселе әлі күнге толығымен шешілмей келеді. Сондықтан, «Достық» шағынауданының тұрғындары өз наразылықтарын білдірді. Арада 6 жыл өтсе де су, жарық пен жылусыз күн-кешіп отырған жамағат үй алдына келіп тұрған көгілдір отынды қолдана алмай отырғанына ашынады. 

 Сайынгүл Асан, «Достық» шағынауданының тұрғыны: «Көшеден үйге газ құбырын тарту үшін барлығы 70 мың теңге қажет болады деп отыр. Қазір 12 мың теңге берсеңіздер, қалғанын кейін бөліп бересіздер дейді. Біз оған қуана келісеміз. Бірақ соның өзін кіргізе алмай отырмыз.»

Барлық үйде – бір құжат. Тұрғындардың қолын байлап отырған да осы мәселе. Ал жекешеленбеген тұрғын үйге көгілдір отын кіргізуге газ беруші мекеме де құлықсыздық танытып отырған көрінеді.

 Ләйлә Құдайбергенова, «Достық» шағынауданының тұрғыны «Басында бізге уәде берген. Сіздер отыра беріңіздер, 2-3 жылда құжаттарыңызды жекешелендіріп береміз деп айтылған. Сол уәде енді орындалмай отыр.»

Базынасын айтып, талай жерге барғанмен, тұрғындарының түйткілі шешілер емес. Енді олар көзі көріп, құлағы естіген басшылар болса, мұнда қоныстанған аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созар деген үмітте.