Қазығұртта «Алтын күз» жәрмеңкесі өтті

Арзан өнімдерге аудан тұрғындары қарқ болды

Қазығұртта «Алтын күз» мерекесі өтті. Аудандағы 13 ауыл округінің шаруа қожалықтары аудан орталығына жиналып, өнімдерін жәрмеңкеге қойды. Биыл қазығұрттық дихандар межеден артық өнім жинап, облыс бойынша екінші орынды иеленіп отыр.

Арзан өнімдерге аудан тұрғындары қарқ болды
Арзан өнімдерге аудан тұрғындары қарқ болды

Мақсат Заитов 17 жылдан бері диханшылықпен айналысып келеді. Жыл сайын картоп пен сәбіз егіп келген шаруа биыл пияз өсіріпті. Айтуынша, асығы алшысынан түсіп, 4 гектардан еселеп өнім жинап алған. Еңбегі ақталып, көңілі жайланған шаруа жәрмеңкеде пиязды арзан бағамен сатып отыр.

 Мақсат Заитов, шаруа: «Пияздан жақсы өнім алдық, өкімет тарапынан көп көмек берілді. Әр гектарынан 70-75 тонна өнім жинадық. Қазір көңіліміз жайланып, қуанып отырмыз.»

Айта кету керек, биыл аудандағы 85 мың гектар жерге бидай себілген. Одан жиналған өнім 95 мың тоннаны құрап отыр. Суармалы жер мен жылыжайлардың да көлемін арттырған ауданда 1024 гектар жерге көкөніс егілген. Аудан басшысының айтуынша, аймақта астық жетіспеушілігі болмайды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=oDMIXdMf22Q[/youtube]

 Болатбек Қыстауов, Қазығұрт ауданының әкімі: «Картоп – 16 мың тонна, артығымен жинап отырмыз. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жер толығымен игеріліп, 95209 тонна дәнді дақыл, 19000 тонна майлы дақыл, 25000 тонна көкөніс, 18000 тонна бақша, 12000 тонна картоп өнімдері өсірілді.»

Ауданның жер көлемі 403 гектар жерді құрайды. Шаруалары соның бестен бір бөлігіне егін салып, өнімді ысырапсыз жинап алған аудан биыл облыс бойынша екінші орында тұрақтады.