Облыстық білім басқармасы 130 миллион теңгені игере алмаған

589
Құрылыс басқармасының басшысы Еркебұлан Дауылбаев: Сарыағаш ауданындағы бір мектепке бөлінген қаржы игерілмеген.Себеп-жер асты сулары, ауа райының қолайсыздығы

Оңтүстік Қазақстан облысының білім саласына тиесілі 130  миллон теңге  республикаға қайтарылмақ. Бұл  қаржы көлемі жылдың соңына дейін игерілмейтіндігі жайлы республикаға ұсыныс жіберілген болатын.  Облыс мәслихатының кезектен тыс 20-сессиясында депутаттар осылай бәтуаласты.

Бұл жалғыз  мәселе 2013-2015 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгерістер енгізу сессия алдында өткен тұрақты комиссиялардың мәжілісінде жіті қаралды. 130 миллон теңге Кентаудағы Қарнақ ауылындағы және Қазығұрт ауданындағы мектеп құрылысынан қысқартылмақ. Бұл қаржы көлемі жылдың соңына дейін игерілмегендіктен республикалық бюджетке қайтарылады .

Ербол Садыр, облыс әкімінің орынбасары: «Сарыағашта екі мектептің құрылысынан 150 миллон теңге қысқартылуда. Олардың бірінде  құрылыс барысында жер асты сулары шыққан салдарынан құрылыс  кестеден кешікті. Салдарынан бөлінген қаржыны толық иегер алмау қауіпі болғандықтан қысқартылуда».

Құрылыс басқармасының басшысы Еркебұлан Дауылбаев: Сарыағаш ауданындағы  бір мектепке бөлінген қаржы игерілмеген.Себеп-жер асты сулары, ауа райының қолайсыздығы
Құрылыс басқармасының басшысы Еркебұлан Дауылбаев: «Сарыағаш ауданындағы бір мектепке бөлінген қаржы игерілмеген.Себеп-жер асты сулары, ауа райының қолайсыздығы»

Жылдың басында қаржы бөлінеді, жұмыс атқарылады сосын жылдың соңында құрылыс барысында түйткілдер пайда болады да, қаржы толығымен игерілмейді. «Кінәлілер жауапқа тартылмай бұл үрдіс жалғаса бермек»- деп дабыл қағуда депутаттар.

Лесбек Тәшімов, облыстық мәслихат депутаты: «Жер асты суы шықты деген не әңгіме?Тендер өткізбес бұрын, жер асты сулары өзге де параметрлер неге анықталмаған?  Топосъемка жасалмайды ма?Ол дұрыс жасалмаған.  Соны жасағандарды жазаға тарту керек».

Рәшкүл Оспанәлиева: «Өткен сессияда Ербол Садыр игерілмей қалған нысандар бойынша  кінәлілердің фамилиясын айтамын деген. Барлығымыздың алдымызда  уәде берді. Неге уәдесінде тұрмайды? Қысқарту, игермеу  қашанғы жалғаса бермек?»

Талқылауға облыс әкімінің араласуына тура келді. Игерілмейді-ау деген қауіппен қаржыны қысқарту ұсынысы облыс тарапынан республикаға жолданған.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: » Білім нысандары бойынша қысқартулар облыс бюджетін нақтылағанда өздеріңіз шешім қабылдағансыздар. Қазір біз сол игерілмей қалады деген қаражаттарды республикаға қайтару бойынша  ұсынысымыздың қабылданғанын  айтып отырмыз».

Сонда депутаттар өздері қабылдаған шешімдерін уақыт өте ұмытты ма? Әлде бұл депутаттардың пікірімен санаспау ма?Қалай болса да 2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджет енгізілген өзгертулермен бекітілді.