Шардараның балығы мен Түлкібастың алмасына тең келер өнім жоқ (фоторепортаж)

Шымкенттегі әл-Фараби орталық алаңы үлкен сауда орнына айналды. Мұнда аудандардан арнайы келген диқандар мен шаруалар қала тұрғындарына өздері жинаған биылғы өнімін ұсынды. Картоп пен сәбіз, пияз бен алма, жүзім мен қырыққабат, қызылша, тұрып, тіпті, қауын мен қарбыз тиелген көліктердің алдына сатып алушылар тез жиналды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қанатбек Оспанбековтың айтуынша, облыс орталығына 212 тонна өнім әкелінген. Маман Оңтүстік өзін-өзі ауыл шаруашылығымен толқы қамти алатынын да нақтылады.

 

 

Бүгінгі жәрмеңкеде ет өнімдері де мол болды. Бағасы базар құнынан 20 пайызға төмен. Бәйдібек пен Созақ, Ордабасы, Отырар ауданының төрт түлік мал шаруашылығымен айналысатын азаматтары «өнімді өзіміз делдалдарға бермей сатып жатырмыз» дейді.

 

 

 

Біз сұхбаттасқан сатып алушылар бұл жолғы жәрмеңкеге разылығын білдіріп жатты. Кейбірінің сұхбат беруге уақыты да жоқ. Ертерек сапалы, базардағыдан арзандау өнім алып қайтқысы келеді. Ұзын-сонар кезек, әсіресе, Шардараның балығы мен Түлкібастың алмасы сатылған сөрелер жанында болды. Көкөніс, картоп пен сәбіз алушылар да аз емес. Біраз уақытқа азық жинап алды. Олар осындай жәрмеңке әр аптада болса деп тарқасты.

Өз жерімізде өсіріліп, өңделген өнімді тұтынуға бұрынғыдан гөрі бейімделе бастағанымызға қуандым. Азықтық сапасы жоғары ет пен дәруменге бай көкөнісіміз тұрғанда Қытайдың алмасын, Бразилияның етін жеп неміз бар.