Шолпан мен Сұлтан ата-анасын іздейді

522
Сұлтан

Шымкентте, айдың- күннің аманында 2 бірдей бүлдіршін тастанды бала атанды. Осыдан 1,5 ай бұрын көршісіне 2 күнде келемін деп бауыр еті балаларын қалдырған Жамал есімді әйел сол кеткеннен оралмаған. Тастанды бүлдіршіндердің жағдайын біз де байқап қайттық.

Анасына ренжіген бүлдіршіннің өзі туралы білетіні аз ғана. Қараша айының 19-нан бері жасөспірімдерді бейімдеу орталығын паналаған бөбек әлі дұрыстап сөйлей де алмайды. Тәрбиешілер «3 жасар қыз «Сұлтан інім «деген сөзді жиі айтады»-дейді. 

3 жасар Шолпан
3 жасар Шолпан

Гүлфайраз Мұсаева, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиешісі: «Шолпан топқа келген кезде тұйық еді. Балалармен араласа келе, орталыққа бейімделе бастады. Қазіргі таңда жағдайы өте жақсы. Дені сау, психикалық ауытқуы жоқ, тамақ жеуі өте жақсы, ұйқысы тыныш, ең өкініштісі осы бүгінгі таңға дейін бұны ешкім іздеп келген жоқ. Анасы да іздеп келген емес».

Кішкентай Шолпанның расында да Сұлтан атты інісі бар екен. Бүгінде бүлдіршін қаламыздағы №1 балалар ауруханасына жайғасқан. Сұлтан осы ауруханаға жыл басынан бері келіп түскен «белгісіздердің» жиырма тоғызыншысы.

 

Дәрігерлер Сұлтанның жасы 1-де деп шамалап отыр
Дәрігерлер Сұлтанның жасы 1-де деп шамалап отыр

Гүлжан Қойбағарова,  №1 балалар ауруханасының дәрігер-педиатры: «Белгісіз Сұлтанды 1-жаста деп шамалап отырмыз. Ауруханаға алғаш келген кезде, балаға суық тиіп, суықтап келгені бар еді. Қазір бәрі жақсы, жазылды. Ақыл-есі 1 жастың баласына сай келеді. Бала үстел жағалап жүреді, тәй-тәй тұрады. Бірақ әлі өздігінен белсенді жүрмейді».

Бұл екі бірдей бауыр еті баласын анасы Құдияр Айтымбетұлы көшесі бойындағы №3 үйдің егесіне тастап кеткен. Бірнеше күнде келемін деген әлгі әйел, қайтып оралмапты. Ал сол маңдағы көршілерінің айтуынша, ол осы Құдияр Айтымбетұлы көшесінің бойынан пәтер жалдап тұрған. Жалғызбасты келіншек бүгінге дейін көше аралап майда-шүйде заттар сатып, күнелтіп келген екен.

Зияда Сәмбетәлиева, Қ. Айтымбетұлы көшесінің тұрғыны: «Қарашаның 6-сы күні Жамал есімді көршіміз 1қыз 1 баласын 2 күн қарай тұрыңызшы деп жалынып келді. Амалсыз келістім. 10 күн өтті. 20 күн өтті келмеді. Ұялы телефонын өшіріп тастапты. Сосын полиция бөлімшесіне хабар бердім. Жамал қысқа бойлы, арық адам. Шашы келте және сары, көзі де көкшіл сары».

[youtube]http://youtu.be/0ujtC9GKAHc[/youtube]

Ал кішкентай Шолпан анам келіп қалар деп әр минут сайын есікке жиі жәутеңдейді, тіпті анамды табамын дегенді де айтатын болды дейді тәрбиешілері. Айта кетейік, егер Шолпан мен Сұлтанның анасы 2 айдың ішінде табылмаса қос бүлдіршіннің құжаттары рәсімделіп, балалар үйіне беріледі.