Зейнеткер өзін сотқа беруді сұрайды

Валентина Недорезова
Валентина Недорезова
Валентина Недорезова

Шымкенттік зейнеткер өзін сотқа беруді сұрайды. 72 жастағы Валентина Недорезова жылумен қамтамасыз етуші мекемемен түсінісе алмай әлек. Өйткені, үйіндегі жылу құбырларын баяғыда қырқып тастаса да, жылудың ақысын сұраған түбіртектер келе беретінге ұқсайды. Босқа шығындалып жатқан кейуана: «Мені сотқа беріңдер, өзімді ақтап аламын» деп отыр.

Жетпісті желкелеген қарттың «қағазды шайқастың» соңында жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Айтуынша, 3 бөлмелі үйдегі жылу батареяларын 2002 жылы-ақ кесіп тастаған. Сөйтсе, «жылуды тұтынбаймын» дегені бос әуре болып шығыпты. Жылу беруші компания ай сайын «ақы төле» деп түбіртек жіберіп, зейнеткердің зығырданын қайнатып жатса керек.

Валентина Недорезова, тұрғын: «»3-Энергоорталық» жұмысына кіріскен шақта мен олардың қызметінен бас тартатынымды және жылу беруді тоқтатуын өтінгенмін. Енді болса, жылу үшін ақы сұрайды. Егер, мен жылуберушілерге сонша сомма қарыз болсам, мені сотқа берсін!»

Ал жылуберуші компания зейнеткердің бұл шағымыменен мүлдем келіспейді. Коммуналдық мекеме өкілінің айтуынша, тұтынушы жылудан ажыратылғанымен құбырды оқшаулап тастауы керек екен. Өйтпейінше, жылу бойынша теңге төлегені-төлеген дейді. Ал оқшаулау жұмысын тұтынушының өзі жасауға міндетті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TROmXOspZho[/youtube]

Сөйтіп, кейуананың дегеніне монополистер көнбеді. Мәселенің ақ-қарасын айыру үшін енді олар зейнеткерді сотқа беріп отыр. Коммуналды мәселеге нүктені солар қоятын болады.